Апаттың себебі - ауа райының қолайсыздығы
Танзания жолаушылар ұшағы Букоба қаласында жағалауға қонып жатқан кезде Виктория көліне құлады. Ұшақ бортында 43 адам болған, оның кем дегенде 19-ы мерт болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұған дейін жедел қызмет 26 адамды, оның ішінде 2 ұшқышты құтқарып қалғаны хабарланған болатын.
Алайда кейін елдің премьер-министрі ұшқыштардың алған жарақатынан қаза тапқанын мәлім етті.
Precision Air авиакомпаниясының ATR 42 жолаушылар орташа магистральдық ұшағы Танзанияның ең үлкен қаласы Дар-эс-Саламнан Мванза арқылы Букобаға ұшқан болатын.
Оқиға куәгерлерінің бірі Абдул Нури Би-би-Сиге ұшақтың суға құлағанын көргенін айтты.
«Нағыз шок болды. Бәрі дүрбелеңге түсті, ал кейбіреулер айқайлап, жылай бастады. Күтіп алу аймағындағылар да үрейлене бастады», - деді ол.
Нуридің айтуынша, жергілікті балықшылар ұшақ суға құлағаннан кейін сонда жүзіп, стюард ашқан артқы есік арқылы құтқарып алған.
Апаттың себебі - ауа райының қолайсыздығы, алайда апаттан кейін жаңбыр тоқтап, құтқарушылар оқиға орнына жеткен.
Апаттан кейін ұшақ толық суға батып, тек артқы жағы су бетіне шығып тұрды.