Үндістанның ең әйгілі сәулет ғимараты Тәж-Махал кесенесі ашылды. Тарихи нысан карантин салдарынан екі ай жабық болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengritravel.kz-ге сілтеме жасап.
Үндістанның Агра қаласындағы археологиялық басқармасының басшысы Васант Кумар Саварнкар ескерткіш ашылғанмен, шектеу барын - кешен аумағына бір мезгілде 650-ден астам адам кіргізілмейтінін айтты.
«Тәж-Махал 16 маусымнан бастап қайта ашылды. Кешен аумағындағы адам саны 650-ден аспау керек. Келушілер бетперде тағуы керек, қонақтарды бақылау үшін арнайы командалар құрылды», – деді Саварнкар.
Оның айтуынша, билеттерді тек онлайн сатып алуға болады. Бір аккаунттан немесе телефоннан бес билеттен артық алуға болмайды. Тәж-Махалдың мәрмәр тастан жасалған қабырғасын ұстауға тыйым салынады. Келушілерге тек дезинфекциялық ерітіндіге малынған жұмсақ төсеніш - арнайы жолдармен жүруге рұқсат етіледі.