Үш күн жатып аман қалған: қызын тірідей көміп кеткен ата-анаға іздеу жарияланды

17.10.2019 14:44

Көр қазушылар балшықтан жасалған құмыраның ішінен матаға оралған нәресте тауып алған

pixabay.com

Үндістанның Уттар-Прадеш штатында зиратқа қызын жерлеуге келген ерлі-зайыптылар тірі сәбиді тауып алды. Белгісіз біреулер оны балшық құмыраға салып, бір метр тереңдікке көміп тастаған, деп жазды Sputnik The Sun басылымына сілтеме жасап.

Жақында Хитеш мен Вайшали Кумардың қызы дүниеге келген. Бірақ ерлі-зайыптының қуанышы ұзаққа созылмады. Бірнеше минуттан кейін шақалақ шетінеп кеткен. Екеуі қызын жерлеу үшін зиратқа барған. Сол жерде көр қазушыларды жалдапты. Шамамен бір метр тереңдікте күрек қатты нәрсеге тіреліп қалды. Сөйтсе, балшықтан жасалған құмыра екен.

"Көр қазушылар оның ішінен сөмке алып шықты. Ал сөмкеде матаға оралған нәресте жатты. Қыз бала екен, жан дауысы шығып, жылай бастады. Маған өз қызым тіріліп кеткендей болып көрінді. Артынан қыз баланың дауысы құмырадан шығып жатқанын түсіндім. Біз бірден жедел жәрдем мен полицияға хабар бердік", - дейді Хитеш Кумар.

Дәрігерлер келгенше Хитеш мақтаны сүтке батырып, шақалақтың аузына тамызған. Нәрестені бірден жергілікті ауруханаға жеткізді. Ал полиция тергеу амалдарын бастап, баланың ата-анасын іздеуге кірісті.

Басылымның хабарлауынша, Үндістанның кей жерлерінде қыздарды жиі тастап кетеді. Себебі ерлі-зайыптылар ұлдың болғанын қалайды. Ал дәрігер Саурабх Анжан үш күн бойы жердің астында жатқан кішкентай қыздың қалай аман қалғанын түсіндірді.

"Негізі шала туған балалар бас кезінде оттегіні көп қажет етпейді. Дегенмен, бұл қыз нағыз жауынгер екен. Меніңше, оттегі топырақ арқылы да барған. Жер борпылдақ болған сияқты", - дейді дәрігер.

Қазіргі кезде жауынгер қыз арнайы аппарат арқылы дем алып жатыр. Оның өкпесінен инфекция табылды.  

"Сосын баланың өз майы жақсы көмектескен. Ондай май жаңа туған нәрестелерде болады. Ол ағзаның ішкі температурасын сақтауға көмектеседі. Баланың тромбоциттері 10000-ға дейін түсіп кеткен. Негізі орташа деңгейі 150000 болуы тиіс. Ол – нағыз жауынгер", - деп атап көрсетті Анжан.

Әзірге шақалақтың құжатына да тура солай – "Жауынгер" деп жазып қойған. Ал Хитеш и Вайшали Кумар кішкентай қызды асырап алуды жоспарлап отыр.