Кабул мешітінде жарылыс болып, 50-ден аса адам көз жұмды

30.04.2022 15:20
©REUTERS

Ауғанстан астанасы Кабулда мешітте жарылыс болып, 50-ден аса адам қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

"Жұма намазынан кейін Кабул мешітінде жойқын жарылыс болып, 50-ден аса адам қаза тапты", - деп хабарлайды агенттік мешіт басшысына сілтеме жасап.

БҰҰ-ның Ауғанстандағы гуманитарлық мәселелер жөніндегі үйлестірушісі Рамиз Алакбаровтың мәліметіне сәйкес, бұл жарылыс "әлі де қауіпсіздік пен зорлық-зомбылық азабын тартып жүрген" Ауғанстан халқы үшін "тағы бір ауыр соққы" болды.

Талибан қозғалысының өкілі (қозғалысқа БҰҰ террористік әрекеті үшін санкциялар салған) Забиулла Муджахид те шабуылды айыптап, Twitter-де бұл "қатыгез іс исламмен де, елмен де байланысты емес" деп жазды.

Ауғанстанның ұлттық қарсыласу майданы да жарылысты "Кабулдағы Талибанның ең ықпалды командирлерінің бірі" ұйымдастырды деп мәлімдеді.

Бұған дейін бейсенбіде Мазари-Шарифте екі жарылыс болған. Кем дегенде тоғыз адам қайтыс болды, тағы 13 адам жарақат алды. Жарылыстар үшін жауапкершілікті "ДАИШ" террористік тобы (Қазақстанда тыйым салынған) өз мойнына алды. Бұл туралы Франс Пресс агенттігі хабарлаған.

Жарылыстардың бірі білім беру мекемесінің маңында болды. Тағы бірінде автомобиль жарылды.