Сыртқы істер министрі коронавирус тараған кемеде қамалып қалған қазақстандықтар өздері ұшып келетінін мәлімдеді
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Diamond Princess лайнерінде қамалып отырған төрт қазақстандықтың елге қалай қайтарылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Лайнерде біздің төрт азаматымыз бар. Олар коронавирус жұқтырмаған. Оны арнайы тест те растап отыр", - деді Тілеуберді журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бүгін лайнердегі карантиннің мерзімі аяқталды. Енді барлығы лайнерден шығарылады. Бірақ қосымша сынамалар алынады.
"Жерде тағы тестер өткізіледі. Содан өтсе, біз оларды елге қайтарамыз. Жақын күндері бастаймыз", - деп атап өтті министр.
Тілеубердінің сөзіне қарағанда, коронавирус анықталған жағдайда олар Жапонияда емделеді. Содан кейін елге қайтады.
"Қазақстан мен Жапонияның арасында тікелей рейстер бар. Олар өздері ұшып келеді. Ал елге келгеннен кейін қосымша карантиннен өткізу мәселесін денсаулық сақтау министрлігі пысықтайды. Негізі олар он төрт күндік карантиннен өтті", - дейді Тілеуберді.