Карантин шараларының жеңілдетілуі вакциналаудың сәтті өткізілуіне байланысты
Әлемде COVID-19 вирусына шалдығудың антирекорды орнатылды. Тәулік ішінде қауіпті вирусты 893 мыңнан астам адам жұқтырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл қаңтар айының басында тіркелген бұған дейінгі антирекордтан көп. Әсіресе, Үндістан елінде жағдай ауыр, онда COVID-19 вирусын жұқтырудың 330 мыңнан астам жаңа оқиғасы тіркелген. Үндістан билігі пандемияға қарсы күрес жүргізудің жаңа шараларын қолдану мәселесіне кіріскен кезде, Еуропаның кейбр елдері шектеуді біртіндеп азайтып жатыр. Франция карантиннен шығуға дайындалып отыр. Осы арада, дәрігерлер ауруханаларда коронавирус жұқтырып, ауыр халде жатқан мыңдаған адамның жатқанын ескертуде. Париждің реаниматолог дәрігері Алекси Тран Динь мұндағы бір пациент әйелдің жағдайы туралы баяндап берді:
«Егер оны тіршілікпен қамтамасыз ету аппараттарының бірінен ажыратсақ, оған оттегі жетпей, бірнеше минуттың, не одан да аз уақыттың ішінде қайтыс болады. Бұл біздің қате жіберуге құқығымыз жоқ екенін көрсетіп отыр», – дейді дәрігер.
Карантин шараларының жеңілдетілуі вакциналаудың сәтті өткізілуіне байланысты. Мажарстанда мейрамханалардың террасасы ашылды. Олар қараша айынан бері тағамды тек алып кетушілерге ғана сатқан болатын. Бұл елдің әрбір үшінші тұрғынына екпе салынған соң локдаун жеңілдетіле бастады.