Түркияда жер сілкінісен зардап шеккендерге жаңа үйдің кілті табыс етілді

23.04.2023 19:22

Соңғы ресми деректерге сәйкес, зілзала 50 096 адамның өмірін қиды

aa.com.tr


Түркияда жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерге үй беріле бастады. Кахраманмараш пен Газиантеп қаласының тұрғындарына жаңа пәтердің кілтін ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзі табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көпшілік алдында сөз сөйлеген мемлекет басшысы Газиантепте қосымша 50 мың баспана бой көтеретінін және барлық қалада инфрақұрылым жаңаратынын мәлімдеді. Қазір осы бағытта бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асып жатыр екен. Еске сала кетейік, биыл 6 ақпан күні Түркияның оңтүстік-шығысында 7,7 балдық жер сілкінісі болып, 50 мыңнан аса адам қаза тапқан еді.

«Жойқын жер сілкінісінен кейін 15 күннен соң жаңа үйлердің іргетасы қалана бастады. Жалпы 507 мың пәтер салынады. Оның 319 мыңы биыл беріледі. 60 мыңға жуық баспананың іргетасы қаланды. Жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр», – деді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.





Айта кетейік, Түркияда әлсін-әлсін жер сілкінісі бүгінгі күнге дейін тіркеліп отыр.