Колорадо-Спрингс тұрғыны Николь Хилл босану үстінде көз жұмған. Алайда, сәбиінің іңгалаған даусы шыққаны сол екен, әлгінде тоқтап қалған жүрекке кенет жан біткен. Көз алдарында орын алған таңғажайып оқиғаға тіпті дәрігерлердің өзі қайран қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Mamma Mia порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Үшінші перзентін босанайын деп жатқан әйел толғағы басталғаннан-ақ тұншыға бастаған. Дәрігерлер оған оттегі жіберетін бетперде кигізгенімен, беті бері қарамаған. Соңында тіпті әйелдің жүрегі тоқтап та қалған. "Өлді ғой" деп ойлаған дәрігерлер тым құрыса сәбиін аман алып қалуды ғана ойлайды. Сөйтіп, бірден кесір тілігін жасап, баланы іштен алып шығады. Сол сол екен, о ғажап, жаңа ғана тоқтап қалған ана жүрегіне жан бітеді де, кәдімгідей лүпілдеп соға бастайды. Әйел шамамен 4,5 литр қан жоғалтқан екен. Анықталғандай, босанушы әйелдің толғақ кезінде қағанақ суы қанына түсіп кетіп, тыныс алудың бұзылуына алып келген көрінеді.
Никольдің күйеуі Энтони сол кезде қандай күйде болғанын айтып берді.
«Мен Никольмен қоштасып, бетінен сүймек болдым. Алайда кенеттен дәрігерлер оның жүрегі соға бастағанын және жағдайын тұрақтандыратынын айтты», - дейді ол.
Көп қан жоғалтқан әйелге дәрігерлер қан құйып, соның арқасында бірнеше күн кейін-ақ ол көп ұзамай, сәбиін қолына алады.