Махачкалада жанармай құю станциясындағы жарылыстан қаза болғандар саны 27-ге жетті

15.08.2023 17:42

Жарылыс себебі анықталуда

dzen.ru

Дағыстан астанасында жанармай құю бекетінде болған жарылыстан қаза тапқандар саны 27 адамға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Жарылыс салдарынан барлығы 102 адам зардап шекті, оның ішінде, өкінішке қарай, 27 адам қаза тапты», - делінген Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасында.

Үйінділерді ашу, зардап шеккендерді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиға орнына кинологтар да тартылған.

Дағыстан басшысы Сергей Меликовтың нақтылауынша, қаза тапқандар арасында үш бала бар.

Жарылыс себебі анықталуда.

«Құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр, оның қорытындысы бойынша әділдік орнап, дағыстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің барлығы жасалады», - деп жазды Меликов.

Жанармай құю бекетінде жарылыстан адамдардың көз жұмуына байланысты Дағыстанда 15 тамыз Аза тұту күні болып жарияланды.

Бұған дейін Махачкаладағы жарылыс салдарынан 12 адам қаза тапқаны хабарланған болатын.