Бұл туралы жергілікті билік өкілдері мәлімдеді
Ресей әскері Украинаның астанасы Киев қаласына соққы жасады. Салдарынан 1 адам қаза тауып, алтауы ауыр жарақат алды. Сондай-ақ кеше елдің бірнеше облысында ракеталық зымырандар жарылды. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Киевтегі 9 қабатты тұрғын үй кешеніне жасалған зымыран соққысының салдарынан ғимараттың 3 қабаты өртеніп, опырылыл қалды. Үйінді астынан 6 адам шығарылып, ауруханаға жеткізілді. 1 адам қаза тапты. Зардап шеккендердің арасында бала бар. Украинаның Ұлттық Гвардиясының мәлімдеуінше, бұл – Ресейдің Киевке жасаған ең ауыр соққысы болып отыр.
«Киевке аяқ асты шабуыл жасалды. Бұл мән-мағынасыз қақтығыс. Қаншама жазықсыз жандар құрбан болып жатыр. Біз неге бұлай болғанын білмейміз. Бәлкім Ресей тура НАТО саммитінің алдында соққы жасап, сес көрсетіп отырған болар», – деді Киев қаласының мэрі Виталий Кличко.
Украинаның Қарулы қүштері соққы Каспий теңізінен ұшырылған зымыранмен жасалды деп хабарлайды. Әскери қарудың екіншісі балабақшада жарылған. Кеше дәл осындай 6 жарылыс Киев пен Харьков облысы аумағында, Черкассы қаласында болған. Қақтығыс елдің шығысында да қыза түскен. Қазір Лисичанскте атыс жалғасып жатыр. Алайда Северодонецк пен Боровское қалалары Луганск облысының бақылауына өтті.
«Ресей әскері Украинаның жеке құрамына психологиялық тұрғыда қатты әсер етіп жатыр. Қазір олардың моральдық күйі нашарлаған. Мәселен, Артемовск маңында орналасқан 30-әскери бригадада маскүнемдік, есірткі заттарын пайдалану және жауынгерлік позицияларын тастап кету секілді жағдайлар байқалды», – деді РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.
Украинадағы жағдайды талқылау үшін «Үлкен жетілік» мемлекеттерінің көшбасшылары Баварияда бас қосты. Өз сөзінде АҚШ Президенті Джо Байден ресейлік алтынды импорттаудан бас тарқандарын мәлімдеді. Ал алтын Ресей үшін ең ауқымды табыс көзі саналады. Бұл шектеуді Еуропалық кеңес те жүзеге асыруға ниетті. Ол үшін санкцияның 7-легін қабылдап, Украинаны қолдауды жалғастырмақ.
«Ресей билігі азық-түлік саясатын соғыс қаруы ретінде пайдаланып, оның бағасын көтеріп отыр. Тыңайтқыштардың да құны шарықтап кетті. Біз бұған қарсы тұруымыз керек. Өйткені, Ресейдің бұл әрекеті әлемдік дағдарысқа әкелуі мүмкін. Уақыт тығыз. Сондықтан Еуропалық Одақ Украинадан ауылшаруашылық өнімдерін жеткізудің балама бағыттарын іздестіруде», – деді Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишель.
Айта кету керек, екі ел арасындағы қақтығыс салдарынан бірқатар мемлекеттер зардап шегіп жатыр. Өйткені Украина экспорттап отырған тауарларын шетелге жеткізе алмай отыр. «Үлкен жетілік» елдерінің бас қосуы 2 күнге жалғасып, осы және өзге де мәселелер талқыланады.
Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы