Вашингтон Киевке 800 миллион доллар көлемінде қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрі жіберуге ниетті
АҚШ Украинаға жаңа әскери көмек жолдайды. Бұл туралы АҚШ Президенті Джо Байден мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Бұған дейін 300 миллион доллар қаржылай көмек көрсеткен Вашингтон енді 800 миллион доллар жібермекші. Бұл Украинаның қорғаныс саласына бағытталмақ. Ал Ресейдің Қорғаныс министрлігі Киев қаласына шабуыл жасауға дайын екендерін жеткізді. АҚШ президенті Украина басшысы Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, Киевке жаңа әскери көмек беретінін айтты. Джо Байденнің сөзінше, Вашингтон Киевке 800 миллион доллар көлемінде қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрі және жаңа құралдарды жіберуге ниетті. Онымен қоса әскери тікұшақтарды да жөнелтуді жоспарлап отыр.
«Біз қақтығыс басталмай тұрып, Украинаға қолдау көрсетуге уәде бердік. Сондықтан көмектің бәрі осы келісімнің аясында жүзеге асуда. Өйткені украиналықтар елінің шығыс аумағында қақтығыс өршіген тұста бізге жүгінді», – деді Пентагонның өкілі Джон Кирби.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Батыс елдерінен қару-жарақ жеткізуді жылдамдатуды сұраған еді. Енді көп күттірмей, қосымша әскери қолдау көрсеткен АҚШ билігіне алғысын білдіріп отыр.
«Украинаны қорғау үшін 800 миллион доллар көлемінде қосымша көмек бөлу келісілді. Бізге қару-жарақ пен оқ-дәрілер, артиллериялық жүйелер, БТР және басқа да әскери көмек көрсетіледі. Сондықтан мен бұл елге ризашылығымды білдіремін. Біз сондай-ақ Ресейге қарсы санкцияларды күшейту туралы байламға келдік», – деді Украина президенті Владимир Зеленский.
Сондай-ақ кеше Украинаға іс-сапармен барған Польша, Эстония, Литва және Латвия мемлекетінің президенттері де қолдау көрсетуге уәде беріп отыр. Ал Ресейдің Қорғаныс министрлігі қарсыластары Ресей аумағына әскери шабуыл жасауын доғармаса, Украинаның астанасы – Киевті басып алуға дайын екенін жеткізді.
«Біз Украина әскерінің Ресей Федерациясы аумағындағы нысандарға диверсия жасау әрекеті мен соққысын көріп отырмыз. Егер мұндай жағдайлар жалғаса берсе, еліміздің Қарулы күштері шешім шығару орталығына, соның ішінде Киевке де соққы жасайды. Ресей әскері бұған дейін мұндай әрекетке бармаған», – деді РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.
Бүгінде Бучада болған жағдайға байланысты тергеу амалдары жалғасуда. Осы мақсатта 13 сәуір күні Халықаралық қылмыстық соттың бас прокуроры Карим Хан Украинаға келіп, қанды қырғынға қатысы барларды қатаң жауапкершілікке тарту қажеттігін айтты. Озбырлық әрекетті құптамайтын Батыс елдері де Мәскеуге қарсы санкцияларды үдетіп жатыр. Әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілері 15 мамырдан бастап, Ресейден жанар-жағармай сатып алуды қысқартуды жоспарлап отыр.
Аяулым Көлжігіт, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы