Қырғызстанның Ош қаласында қатты сел жүріп, салдарынан бірнеше адам көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көршілес елде Ақбура өзені арнасынан асып, жол жиегіндегі көліктерді ағызып әкеткен. Сонымен қатар маңайдағы базарды су шайып, 146 үй, 4 мектеп пен бір балабақша, 2 аурухана және мұражайға зақым келген. Бастапқыда 4 адам із-түзсіз жоғалды деп хабарланған, кейін апат салдарынан зардап шеккендер саны 30 адамға дейін өскені белгілі болды. Ал бүгін 7 жастағы қыздың денесі Өзбекстанмен шекаралас аумақтағы суару каналынан табылды. Құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
– Жедел штаб отырысын өткіздік. ТЖМ қарамағындағы күштік құрылымдар құтқару жұмысын жалғастырып жатыр. Мамырдың соңында басталған жаңбырдың арты қарға айналған. Соның салдарынан шалғайда орналасқан ауылдарға қатынау мүмкін болмай қалды. Қазір 10 техника шеткі ауылдарға аттанып жатыр, – деді Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Эделбек Құлматов.
Еске салайық, 4 күнге жалғасқан толассыз жауыннан Қырғызстанның Ош облысы мен қаласында сел жүрген. Табиғи апат салдарынан, жолдар қирап, көшелерді су басып қалған. Елдің Төтенше жағдайлар министрлігі суға кеткен 9 адамның құтқарылғанын хабарлады.
Оқи отырыңыз: Алматыда 15-21 шілде аралығында ауа райы қандай болады