Конго Демократиялық Республикасының солтүстік-батысындағы Экватер провинциясындағы Конго өзенінде кеме апатқа ұшырап, қаза тапқандар саны 47 адамға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы дүйсенбіде елдің көлік министрі Марк Экила мәлімдеді.
Сонымен қатар бірнеше ондаған адам із-түзсіз жоғалып кеткен.
Министрдің айтуынша, қайғылы жағдай шамадан тыс көп жүк салдарынан болған.
«Кемені жүргізуге заңды түрде рұқсат болмағандықтан, борттағы жолаушылар санын дәл анықтауға мүмкіндік беретін құжатты ала алмадық», - деді М. Экила.
Жергілікті биліктің мәліметінше, кеме жұма күні кешке Конго өзеніндегі Мбандака портынан шығып, 300 шақырымнан астам жердегі Боломба қаласына бет алған. Бортта барлығы 300-ге жуық адам болған.