ЕО Украинадағы гуманитарлық жобаларға 45 миллион еуро қаржы бөлді
Украинада әскери іс-қимыл салдарынан 1,5 миллионға жуық адам ауыз сусыз отыр. Осылай мәлімдеген БҰҰ Балалар қоры бұл жағдай инфекциялық аурулардың ушығуына әкеп соғуы мүмкін деп дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал Ресей әскері Мариупольді қорғап жатқан Украинаның әскерилерін мәжбүрлі түрде тұтқынға алмақшы. Ресейдің Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Мариупольдегі Украинаның қарулы күші толық қоршауға алынды. Қазір бұл қалада 2500 бейбіт тұрғын мен 400 шетелдік азамат қалып отыр. Ресей әскері қарсыластарын тұтқынға берілуге мәжбүрлеп жатыр. Бұған дейін Мәскеу билігі сарбаздар өз еркімен берілмесе, оларды жойып жібереміз деген еді. Бүгін таңертең бұл талаптың уақыты аяқталды. Десе де Мариупольдегі әскери қызметкерлер қарсыласуды жалғастыруда.
«Мариупольдегі «Азовсталь» металлургиялық зауытының аумағында қоршауға алынған украиналық әскерге өмірін сақтау үшін қару-жарақтарын тастап, өз еркімен берілу ұсынылды. Алайда Киев билігі сарбаздарға бұл туралы келіссөз жүргізуге тыйым салды. Сондай-ақ оларға Украинаның өз әскері қаруын тастап, берілуге тырысса, бірден атыңдар деген бұйрық келді», – деді РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.
Сондай-ақ Ресей әскері 17 сәуірде Харьковті тағы да зымыранмен атқылады. Салдарынан 5 адам қаза тауып, 13 тұрғын жарақат алды. Куәгерлердің сөзінше, бірнеше бомба көпқабатты тұрғын үй мен ауруханаға, балабақшаға түскен. Ал Бородянка қаласында қираған ғимараттардың үйінділерін тазалау кезінде 40-тан аса бейбіт тұрғынның мәйіті табылған. Көп қалаларда су құбырлары зақымданып, 1,5 миллион халық ауыз сусыз отыр. Бұған қарамастан Владимир Зеленский елдің шығыс аумағында тұтастықты сақтап қалуға ниетті екенін жеткізді.
«Біз неғұрлым қарсылық көрсетсек, келіссөздер нәтижесі соғұрлым жақсы болады. Алайда Бородянка қаласындағыдай жағдай тағы қайталанса, онда келіссөздер жүргізу немесе келісім шарттын орындау мүмкін болмайды», – деді Украина президенті Владимир Зеленский.
БҰҰ-ның мәлімдеуінше, күн санап Украинадан бас сауғалаған босқындар қатары өсіп жатыр. Бүгінде олардың саны 5 миллионға жуықтаған, тең жартысы – жасөспірімдер мен балалар. Осыған байланысты ЕО Украинадағы гуманитарлық жобаларға 45 миллион еуро қаржы бөлді. Бұл қолдау жергілікті азаматтарды дәрі-дәрмек пен ауыз су және гигиеналық тауарлармен қамтамасыз етуге жұмсалады. Бұдан бөлек Ресей кемелеріне де шектеу қойды. Енді 3 мыңға жуық су көлігі Батыс елдерінің кемежайларына кіре алмайды.
Аяулым Көлжігіт, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы.