Оқушы қыз өз анасын өлтірді

09.01.2020 21:19

Сырттан үйіне оралған әйел қызы мен жігітінің бейәдеп қылығына куә болған

©noviny.sk

Ресейдің Омбы қаласында алған жарақаты салдарынан 43 жастағы жергілікті тұрғын ауруханада қайтыс болған соң  қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Stan.kz.

Бұл туралы Ресей тергеу комитетінің аймақтық департаментінің өкілі Лариса Болдинова хабарлады.

Тергеу Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 105-бабы («Адам өлтіру») бойынша жүргізілуде.

Тергеушілер бұл қылмысқа марқұмның 15 жастағы қызы мен оның 18 жастағы досының қатысқандығын анықтады. Күдіктілер қамауға алынды, оларға айып тағылып, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Тергеушілердің айтуынша, 2019 жылдың 31 желтоқсанына қараған түні әйел мен жастар арасында жанжал болған. Сырттан үйіне келген әйел қызының жігітімен жатқан жерінен үстінен түскен. Жанжал кезінде жас жігіт әйелді бірнеше жерінен пышақтаған. Ал қызы өз анасының басы мен денесін балғамен ұрған.

Жәбірленуші жан дәрменімен құрбысына қоңырау шалып үлгерді, ол жедел жәрдем шақырғанымен, әйел ауруханаға жеткен бойда көз жұмады.