Украинадағы әскери жағдай бір айға созылуы мүмкін

Украинадағы әскери жағдай бір айға созылуы мүмкін
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш екі тарапты мәмілеге тезірек келуге шақырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Украинадағы әскери жағдай тағы бір айға созылуы мүмкін. 56 күн қатарынан жалғасып жатқан қақтығыс қазір тіпті шиеленісе түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ресейдің қорғаныс министрлігі зымырандармен Украинаның 180 сарбазын өлтіргенін айтты. Ал бірқатар мемлекет Ресейге салған санкцияларын күшейте түсті. Украина билігінің ақпарынша, «Азовсталь» зауытына ауыр бомбалар тасталып, 3 адам қаза тапқан. Одан бөлек, ресейлік әскерилер 480 шақырым майдан шебімен жақындап келеді. Мұны Владимир Зеленский «Донбасс үшін шайқас басталды» деп мәлімдеп, елдегі әскери режимді 25 сәуірге дейін ұзартуға ұсыныс жасады.

«Украинаның ең мықты әскери күштері ресейлік шабуылдарға төтеп беруге бағытталып жатқанын түсінуіміз керек. Ал Ресей басшылығы өз әскерлерін өлімге қиып, Луганск пен Донецк облыстарының әкімшілік шекарасына шығуға тырысып жатыр. Мұны олар «сәтті» әрекетке балап, басты мақсат та сол деген түсінік қалыптастырады. Бірақ бұл әрекеттері сәтсіздікке ұшырайды», – деді Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович.

Өз кезегінде Кремль жуырда ғана зымыран соққыларынан 200-ге жуық украиналық сарбаздың мерт болғанын мәлімдеді. Соғыс басталғалы 140 ұшақ, 2300-ден аса броньды техника, мыңнан астам артиллерия мен әскери құрал жойылған.

«Дәлдігі өте жоғары әуе зымырандарымен жасалған шабуыл нәтижесінде Калиново-Попасной ауданындағы 2 бекініс пен 6 аудан алынды. Жеке құрамның 180-ге жуық адамы мен 15 бірлік техника жойылды», – деді РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.

Ал БҰҰ-ның дерегіне сүйенсек, соңғы кездері Украинаның шығысында әскери ұрыстар өршіген. Сондықтан бас хатшы Антониу Гутерриш екі тарапты бір мәмілеге тезірек келуге шақырды.

«Ресейліктер мен украиналықтарды атыс-шабысты тоқтатып, қауіп төніп тұрған адамдардың өміріне араша болуға шақырамын. Алдағы пасха күндері ескеріліп, оны бірігуге арнау керек. Елдегі азаптарға осылай нүкте қойылуы қажет», – деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

Жалпы әскери қақтығыстардың кесірінен Украинадан 5 миллионға жуық адам босып кеткен. Дегенмен әлем елдері барынша қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, Оңтүстік Корея Украинаға 20 тонна гуманитарлық көмек жөнелтсе, Норвегия «Мистраль» атты зенитті зымыран кешенінің 100 данасын жіберген. Ал бірқатар мемлекет, оның ішінде Жапония Ресейге салған санкцияларын күшейтіп жатыр.  

Назкен Еркін, Рустам Аралбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров