Мысыр мемлекеттік БАҚ-тың мәліметінше, 67 жастағы Мурси сот залында көз жұмған
Мысырдың экс-президенті және «Мұсылман бауырлар» ислам ұйымының бұрынғы жетекшісі Мұхаммед Мурси көз жұмды.
Мысыр мемлекеттік БАҚ-тың мәліметінше, 67 жастағы Мурси сот залында көз жұмған. Оны тыңшылық ісі бойынша соттап жатқан екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Мысырлық БАҚ мәліметінше, Мурси инфаркт алып көз жұмған. Бұған дейін экс-президенттің денсаулығындағы қиындықтар туралы хабарланбаған еді.
Мурси – 2012 жылы президент Хосни Мүбарак тақтан тайдырылғаннан кейін, Мысыр тарихында бәсекелестік демократиялық сайлауда жеңіске жеткен алғашқы президент. 2013 жылдың шілде айында әскерилер Мурсиді биліктен шеттетті. Билікке Абдул-Фаттах Ас-Сиси келіп, «Мұсылман бауырларды» лаңкестік ұйым деп жариялады. Мурси соңғы жылдарын тұтқында өткізген.
2015 жылдың сәуір айында Мурси президент болған кезінде наразылық танытушыларды тұтқындау және қинау туралы бұйрық бергені үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды.