Ламонт Макинтайр сотталған кезде 17 жаста болған
Жасамаған қылмысы үшін 23 жылын түрмеде өткізген Американың Канзас штатының тұрғыны Ламонт Макинтайрға 1,5 миллион доллар (570 млн теңгеге жуық) берілді, деп хабарлайды sputniknews.kz Unilad басылымына сілтеме жасап.
Ламонтқа 1994 жылы екі адам өлтірді деген кінә тағылып, сотталған. Түрмеде 8 583 күнін өткізген ер адам 2017 жылы бостандыққа шықты. Ол кезде Ламонт 41 жасқа келген. Өмірінің жартысын темір тордың ар жағында өткізді.
2019 жылы Ламонт Канзас штатына қарсы арыз жазып, мемлекеттен моральдық және материалдық шығынды өтеуді талап еткен. Бір жарым миллион доллардан бөлек, ер адамға кінәсі жоқ екенін дәлелдейтін сертификат, 2020-2021 жылдардағы мемлекеттік медициналық қызметке тегін жүгіну мүмкіндігі берілді. Мұнымен қоса, ол университетте тегін білім ала алады.
«Канзас штаты менің жастық шағымды алып қойды. Әр туған күнімді, мерекелерді отбасыммен бірге өткізуден айрылдым. Жақындарыма көмек керек болған кезде жанында болмадым. Анам әкесінен, менің сүйікті атамнан айрылған кезде жұбата алмадым», - деді ер адам.
Ол түрмеден шыққан соң «Кінәсіздік айнасы» деп аталатын коммерциялық емес ұйым ашты. Заңсыз сотталып кеткендерге көмектеседі.