Нобель сыйлығы, қираған қала және БҰҰ кеңесі – Украинадағы жағдайға шолу

Нобель сыйлығы, қираған қала және БҰҰ кеңесі – Украинадағы жағдайға шолу
Украинада Ресейдің әскери іс-қимылы жүріп жатқанына 23 күн болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Украина президенті Владимир Зеленский мен оның халқына «Нобель» бейбітшілік сыйлығы берілуі мүмкін. Бұл ұсынысты жергілікті тұрғындардың батылдығына тамсанған еуропалық саясаткерлер мен министрлер жасап отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы қақтығыс салдарынан 726 бейбіт тұрғын қаза болып, Мариуполь қаласы түгелдей қирап қалды деп хабарлауда. Ал Ресей билігі Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік кеңесінде Украинада атысты тоқтатып, гуманитарлық көмек жеткізу мәселесіне қатысты дауыс беруден бас тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

     

Бүгінде Марипуоль қаласының 90 пайызы қирап қалған. Қазір онда сау ғимарат жоқ. Жергілікті билік қаза болғандар саны 2 мыңнан асты дейді. Құтқарушылар онда жарылған театрдың қирандысынан аман қалғандарды іздестіруде. Өйткені мәдени нысанның жертөлесінде жүзден аса бейбіт тұрғын жасырынған еді. Осылай 3 аптадан аса уақыт берілмей, бостандық үшін күресіп жатқан халықтың батылдығына тамсанған еуропалық саясаткерлер бұл елдің президенті мен халқына «Нобель» сыйлығын беруді ұсынды. Ал үндеу жасаған Зеленский қолға түскен ресейлік сарбаздар еліне қайтудан бас тартып жатыр дейді.

«Ресей әскері Украинаны баяғы 2014-2015 жылғы қалпында қалды деп ойлап, қорықпады. Бірақ біз өзгердік. Міне, күшейгеніміз соншалық, күресіп жатқанымызға 3 аптадан асты. Ал қолға түскен сарбаздарды Ресей билігі кері қайтаруды ойлап та жатқан жоқ», - деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Украинада 726 бейбіт тұрғын қаза болғанын мәлімдеді. Олардың 52-сі – балалар. Сондықтан құрбан болғандар мен инфрақұрылымдық шығындарға қатысты тексеріс жүргізуді сұрап отыр. Ал халықаралық Қызыл крест комитеті қақтығысушы тараптарды гуманитарлық көмек кіргізуге және тұрғындарды шаһардан шығаруға жағдай жасауға шақырды.

«Бүгінде Киев қаласы қаңырап қалды. Әзірге жертөледе жасырынған халықта су мен жарық бар, дәрі-дәрмек жеткілікті. Ал басқа қалалардағы тұрғындар аман қалудың амалын жасап жатыр. Олар азық-түлік пен суға мұқтаж. Мариупольдегі жағдай өзге шаһарларда қайталанбауы керек», - деді Қызыл Крест халықаралық комитетінің президенті Петер Маурер.

Ал Ресей билігі Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік кеңесінде Украинада атысты тоқтатып, гуманитарлық көмек жеткізу мәселесіне қатысты дауыс беруден бас тартты. Олардың айтуынша, Батыс билігі Еуропа мемлекеттеріне қысым көрсетіп отыр. 

«Ресейдің Қарулы күштері әскери іс-қимылын сәтті жалғастыруда. Бүгінде біз Новомайорское және Пречистовка елдімекендерін толық бақылауға алдық. Осылай бір күнде тағы 10 шақырымға алға жылжыдық», - деді Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.

Айта кету керек, Ресейге санкция жариялаған елдер қатарына Жапония мен Австрия қосылды. Ал Қырғызстан билігі қақтығысқа қарсы шеруге шыққандарды құрықтаса, Өзбекстан мемлекеті Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын толық қолдап отыр.

Аяулым Көлжігіт, Ернар Елдосұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров