Зілзала салдарынан 63 мыңнан астам адам зардап шеккен
Түркиядағы жойқын жерсілкінісінен опат болғандар саны 14 мыңнан асып кетті. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Газиантепте мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Одан бөлек, зілзала салдарынан 63 мыңнан астам адам зардап шеккенін айтты. Апат ошақтарында 3 күннен бері құтқару операциясы жүргізіліп жатқанымен үйінді астыннан шығарылмағандар әлі көп көрінеді.
Іздеу-құтқару жұмыстарының 4 күнінде мамандар 72 сағат үйінді астында жатқан Хатай қаласының 4 тұрғынын алып шықты. Олардың арасында 5 жасар бала да бар.
Түркия Ішкі істер министрлігіне қарасты Апат және төтенше жағдайлар басқармасы зілзаладан зардап шеккен Түркияның Шанлыурфа қаласындағы құтқару жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Енді ондағы жасақтар көмекке зәру өзге аймақтарға жөнелтілмек. Ресми дерек бойынша, жойқын жер сілкінісінен Түркиядағы 10 провинция зардап шеккен. Бауырлас елдегі ахуалды білу мақсатында жергілікті халқымен де байланысқа шығып көрдік.
«Мен қазір Бурсадамын. Зілзала ошағында достарым мен жақындарым қалып қойды. Кейбірін 22 сағаттан кейін таптық. Алайда хабарсыз кеткендер көп. Оларды тапты деген хабарды күтумен отырмын. Бүгін де жер сілкінгені мені қорқытады. Қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз», – деді Бурса қаласының тұрғыны Исмаил Куршун (Түркия).
Ресми дереккөздерде бүгін Кахраманмараш провинциясында эпицентрі болған жер сілкінісі аймағынан құрлық, теміржол және әуе көлігімен 28 мыңнан аса адамның эвакуацияланғанын хабарлады.
Еске салсақ, 3 күн бұрын жерасты дүмпулері дәл осы қалада басталған еді. Зілзала сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда да сезілді. Кахраманмараш қаласының маңында бүгін де 4,8 балдық тағы бір жер сілкінісі тіркелді.
Оразай Нұртай, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы