Әлемде болған орман өрті қаншама адамның тағдырын қиындатып, қаншама аумақтың күлін көкке ұшырды
Әлемде климаттың өзгеруінен орман өрті көбейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жалпы әлемде болған ормен өрті қаншама адамның тағдырын қиындатып, қаншама аумақтың күлін көкке ұшырды.
Адамзат тарихындағы ең ірі орман өрті 2019 жылы Ресей аумағында болды. Сібірде соңғы 20 жылда тіркелмеген қызыл жалын шарпып, жалпы 5 миллион гектар аумаққа тараған. Тілсіз жаудың ауқымды болғаны соншалық, қою қара түтіні тіпті Қазақстанға жетіп, қауіп төндірген еді. Ресми дерек бойынша, апат салдарынан зардап шеккендер жоқ. Алайда флора мен фаунаға айтарлықтай шығын келген.
Дәл сол жылы мұндай алапат өрт Аустралияда да болған. Шілдеде басталған қызыл жалын 2020 жылдың қаңтарына дейін сөнген жоқ. Соның салдарынан кем дегенде 30 адам қаза тауып, 3 мыңнан аса үйдің күлі көкке ұшып, тіршілік атаулының көзі жойылды. Кей дереккөздерде жалпы 6 жарым миллион гектарға жуық орман өртенді деп жазылады.
Ал өткен ғасырдың ең ірі орман өрті 1982 жылы Индонезияның шығыс бөлігінде шарпыды. 10 айға созылған апат 800 мың гектар аумақтағы жасыл желекті құртып, өсімдіктер мен жануарлардың бірнеше түрінің толық жойылып кетуіне себеп болған. Елдің есін алған тілсіз жаумен күрес дәл қазір Қазақстанда ғана емес, мұхиттың арғы бетіндегі Канадада да жүріп жатыр. Мәлімет бойынша, қазірдің өзінде орманның 4 миллион гектардан аса аумағы өртке оранып, түтіні АҚШ-тағы Нью-Йорк пен Вашингтонға, сондай-ақ Еуропаның солтүстігіне жеткен. Зе Глоб энд мейл (The Globe and mail) дерегінше, 10 күні 10 провинцияда 427 рет от тұтанған. 7500 адам үйлерін тастап қашуға мәжбүр болған.