Сирия жөніндегі Астана процесі тараптардың бір-біріне сенімін арттырады

17.06.2022 02:26

Елордада Сирия мәселелері бойынша 18-келіссөз өтті

Almaty.tv

Сирия жөніндегі Астана процесі тараптардың бір-біріне сенімін арттырады. Бұл –  саясаттанушылардың пікірі. Бүгін елордада Сирия мәселелері бойынша 18-келіссөз өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

5 жыл бойы Нұр-Сұлтан қаласында жанжал шиеленісін тоқтату, гуманитарлық дәліз құру секілді түйткілдер талқыланып келеді. Басқосуда кепілгер елдер бірлескен мәлімдеме жасады. Олар Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталған және көршілес елдердің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін сепаратистік жоспарларға қарсы тұру мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті.

«Аталған кездесу шеңберінде Сирия бойынша Конституциялық комиссияны құру жөнінде жұмысты жандандыру  мәселелеріне де баса назар аударылды. Астана форматындағы келіссөздер Сирия аумағындағы қарулы қақтығыстардың қысқаруына, бейбіт тұрғындарға қарсы зорлық-зомбылық пен олардың арасындағы шығын деңгейінің төмендеуіне, босқындардың оралуына жағдай жасады»,– деді ҚР СІМ орынбасары Әділ Тұрсынов.