Елдің алтыншы президенті бес жылдық мерзімге сайланады
Грузияда сайлау алқасының 300 мүшесінің жартысынан астамы қатысқандықтан, президент сайлауы өтті деп жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ngnewsgeorgia басылымының жазуынша, бұл туралы Грузия Орталық сайлау комиссиясының баспасөз спикері Натия Иоселиани мәлімдеді.
"Сағат 11:30-ға дейін сайлаушылар алқасының 170 мүшесі сайлауға қатысты. Соған сай сайлау өтті деп жарияланады", - деді ол.
Дауыс беру сағат 14:00-ге дейін жалғасты, енді ОСК дауыстарды санауға кіріседі.
Айта кетсек, бүгін Грузияда алтыншы президент сайланып жатыр. Сайлау бірінші рет халықтың тікелей дауыс беруі арқылы емес, сайлаушылар арқылы өтіп отыр. Алқаның құрамына Грузия Парламентінің 150 депутаты, Аджария Жоғарғы кеңесінің 21 депутаты, Абхазия Жоғарғы кеңесінің 20 өкілі және аудандық сакребулоның (қалалық кеңестердің) 109 депутаты кіреді.
Президенттікке жалғыз үміткер – биліктегі «Грузинская мечта» партиясынан ұсынылған, парламенттің бұрынғы депутаты, бұрынғы футболшы Михаил Кавелашвили.
Кавелашвили жеңіске жету үшін жалпы алқаның 2/3 дауысын, яғни 200 дауысты алу керек.
Сайлау Руставелидегі наразылық акциясы аясында және күшейтілген қауіпсіздік шараларымен өтіп жатыр. Парламент жұмысына бойкот жариялаған оппозиция бұл процеске қатыспайды. Биліктің қарсыластары парламент сайлауы бұрмаланғандықтан, бұл процедура заңсыз деп санайды. Олар жаңа парламенттік сайлау өткізуді талап етіп жатыр.
Грузияның алтыншы президенті бес жылдық мерзімге сайланады. Инаугурация 29 желтоқсанға жоспарланған.
Оқи отырыңыз: Жаңа жыл мерекесінде ХҚКО-лар қалай жұмыс істейді