Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр
Доминикан Республикасындағы Jet Set клубында болған оқиғада қаза тапқандар саны 200-ден асты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар орталығының басшысы Хуан Мануэль Мендес мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Өкінішке қарай, біз алдын ала мәліметтер бойынша 218 адам қаза болғаны туралы айтып отырмыз", – деді ол.
8 сәуір күні таңертең ел астанасы Санто-Домингодағы Jet Set түнгі клубында әнші Руби Перес өнер көрсетіп жатқанда клуб шатыры опырылып құлаған.
Jet Set – дүйсенбіде концерттер өткізетін Санто-Домингодағы танымал түнгі клуб. Оқиға күні Рубби Перестің концертіне белгілі саясаткерлер, спортшылар және басқа да жұлдыздар келген.
Әнші Рубби Перес үйінділердің астында қалып, кейін құтқарылған, ол алған жарақаттарынан қаза болды. Қаза тапқандар арасында Монте-Кристи провинциясының губернаторы Нельси Круз және 51 жастағы танымал бейсболшы Октавио Дотель де бар.
Доминикан Республикасының президенті Луис Абинадер 8 сәуірден бастап құрбандарды еске алу үшін 3 күн ұлттық аза тұту күнін жариялады.
Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Апаттың себептері анықталып жатыр.
Оқи отырыңыз: Доминикандағы оқиға: көз жұмғандар саны тағы да көбейді