Экрем Имамоғлы Түркия президентіне кандидат ретінде ұсынылды

24.03.2025 16:05

ХРП праймеризіне барлығы 15 млн түрік азаматы қатысты — бұл елдегі барлық тіркелген сайлаушының төрттен бір бөлігін құрайды

Фото: turkeytribune

Жексенбі, 23 наурыз күні Түркияның оппозициялық Халықтық-республикалық партиясы (ХРП) қызметінен уақытша шеттетілген және қамауға алынған Ыстанбұл қаласының мэрі Экрем Имамоғлыны президенттікке кандидат етіп ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

ХРП праймеризіне барлығы 15 млн түрік азаматы қатысты — бұл елдегі барлық тіркелген сайлаушының төрттен бір бөлігін құрайды. Олардың 13,2 миллионы жалғыз кандидат болған Имамоглыға қолдау білдірді.

Партия төрағасы Озгур Озель Түркияның қазіргі президенті Режеп Тайип Ердоғанды мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдауға және Экрем Имамоғлымен бәсекелесуге шақырды. 

Дәл сол күні оппозицияның он мыңдаған жақтасы Ыстанбұл қалалық әкімшілігінің алдына жиналып, Ердоғанның қарсыласын саяси астарлы қудалауға наразылық білдірді.

"Имамоглу бір жағынан түрмеде отырса, екінші жағынан президенттік жолында жүр", - деп келтірді АР Озельдің митингіде айтқан сөздерін. 

Президенттікке жаңадан үміткердің зайыбы Дилек Кая Имамоғлы да наразылық білдірушілер алдында сөз сөйледі.

Шерушілер тосқауыл тұрғызуға әрекеттеніп, полициямен қақтығысты, деп хабарлайды Milliyet басылымы. Оның мәліметінше, салдарынан 66 наразылық білдіруші ұсталып, бес полиция қызметкері жарақат алды. 

Оқи отырыңыз: Түркиядағы ахуал: Қазақстан елшілігі үндеу жасады