Қырғызстанда екі қар көшкіні жүрді

23.01.2025 10:14

Зардап шеккендердің арасында есінен танған әйел бар

Angelo Burgener/unsplash.com/

Өткен түні Төө-Ашуу асуында жүрген екі қар көшкіні алты жеңіл көлік пен бір шағын автобусты басып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Бообек Әжікеевтің айтуынша, жолаушылар көлігінің бірін толығымен қар басып қалған, құтқарушылар одан 4 адамды алып шықты. Зардап шеккендердің арасында есінен танған әйел бар. Ол дереу ауруханаға жеткізілді.

Қырғызстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметінше, қар көшкіні болған Бішкек-Ош тасжолының 132-ші шақырымында жолды тазалау жұмыстары жүргізілді. Жергілікті уақыт бойынша сағат 22:10–да «Сосновка» көліктік бақылау бекетінде жолаушылар көлігінің өтуіне қойылған шектеу алынды.

Оқи отырыңыз: Алматыда 1200-ден астам жұмысшы мен 573 бірлік техника қар тазалауға жұмылдырылды