"Ғажап қыз" Қытайдың әлеуметтік желілерінде бірден танымал болып кеткен
Қытайдың Таншань қаласында тұратын қыз бала үйдің 25-қабатынан құлап кетіп, ғайыптан аман қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бұл туралы South China Morning Post басылымы баланың ата-анасының мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.
«Қызымның аман қалуы оны құдіретті Құдайдың қорғап тұрғанына сендірді!» – деп көзіне жас алды қыздың анасы.
Ол сондай-ақ қызына сынық диагнозы қойылғанын, дегенмен қазірдің өзінде жағдайы жақсарып қалғанын айтты.
Оқиға 27 наурызда болғанымен, баланың аман қалғаны белгілі болған соң, отбасы бұл хабарды енді жария етуді жөн көрген. Белгілі болғандай, Хэбэй провинциясының Таншань қаласында тұратын 9 жастағы оқушы қыз бөлмені желдету үшін терезені ашпақ болған. Алайда терезе терезе жылдам ашылып кетіп, соның екпінімен қыз бірден құлап кеткен. 18 қабаттан құлдилаған қалпы қыз бала жетінші қабаттағы терезенің ернеуіне құлаған.
Баланы жетінші қабаттан көршісі тауып алған. Оның айтуынша, қыз өздігінен көтеріліп, тіпті бірнеше қадам басып үлгерген, алайда қатты ауырсынып жүре алмай құлап қалған.
Бала дереу Бейжіңдегі ауруханаға жеткізілді. Оған бірнеше сүйегі сынды деген диагноз қойылды, бірақ миы зақымданбағаны айтылды. Қызға бірнеше ота жасалып, ауруханадан үйіне оралған.
«Ғажап қыз» Қытайдың әлеуметтік желілерінде бірден танымал болып кеткен, оның аман қалуы нағыз ғажайып деп саналады.
Оқи отырыңыз: Ғалымдар тіршілік белгісі бар ғаламшарды тапты