Корея Республикасының президенті теледидар арқылы үндеу жасап, әскери жағдай енгізді
Оңтүстік Кореядан тыныштық кетті. Президент Юн Сок Ёл енгізген шешімге Парламент қарсылық танытып, төтенше жағдай режимін қолдамай, алып тастады. Кеше түннен бері мемлекетте дүрбелең басталып, ел басшысының пәрменіне наразы халық шеруге шықты. Корей еліндегі ахуалға қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министірлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Корея Республикасының президенті теледидар арқылы үндеу жасап, әскери жағдай енгізді. Бұл шешімді Юн Сок Ёл Солтүстік Кореяның жақтастарымен күресіп, коммунистік күштерге тойтарыс беріп, ел конституциясын қорғау үшін жасалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ корей елінің президенті үндеуде бұл жағдайдан кейін өзіне қарсы заңсыз импичмент жариялануы мүмкін екенін атап өтті.
"Мен еркін Корея Республикасын Солтүстік Корея коммунистік күштерінің қауіп-қатерінен қорғау үшін әскери жағдай жариялаймын, халқымыздың бостандығы мен бақытына қауіп төндіріп жатқан Солтүстік Кореяның жақтастарына қарсы күш салып, еркін конституциялық құрылымды қорғау үшін осы шешімге келдім. Әскери жағдай арқылы ұлттық күйреудің тұңғиығына түсіп жатқан еркін Корея Республикасын қалпына келтіріп, қорғаймын. Осы мақсатта мен мемлекетке қарсы күштерді міндетті түрде жоямын", - деді Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёл.
Айта кетейік, Корей елінің конституциясына сай, әскери жағдай соғыс немесе төтенше оқиғалар кезінде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі. Бұл режимді тоқтату құқығына тек Президент пен Ұлттық Ассамблея құзыретті. Юн Сок Ёл әскери жағдай орнатқанынан кейін ел астанасы Сеулге арнайы техника, әскери ұшақ пен әскерлер кіргізіліп, Парламент ғимаратын қоршауға алды. Ал соғыс режиміне қарсылық танытқан халық әсерге қарсы тұрып, елде жаппай дүрбелең басталды.
"Мен жаңалықты естігенде, бір әрекет жасауым керек деп ойладым. Мұндай жағдай ешқашан болмауы тиіс еді. Бойымнан қорқыныш пен мазасыздық сезіндім. Сондай-ақ бұл жаңалық ұлттық мүдденің тапталуы деп білемін", "Корей елінде енгізілген әскери жағдай 6 сағаттан соң алынып тасталды. Режимге қарсы бұғатталған ғимаратқа кіріп үлгерген 300 депутаттың 190-ы дауыс берді. Жұртшылықтың да наразылығы басылмай, шеруілер шиеленісе түсті", дейді тұрғындар.
Оңтүстік Кореядағы тұрақсыз жағдайға қатысты Қазақстанның елшілігі ел азаматтарына ресми үндеу жасады. Сыртқы істер министірлігі Кореяда жүрген отандастарымызға сабыр сақтап, жергілікті елшіліктің нұсқауларын орындап, көмек керек жағдайда ресми нөмірлерге хабарласуды сұрады. Жалпы, Корей елінде 30 мыңнан аса отандасымыз тұрып жатыр.
"Сыртқы саясатының дипломатиясы үшінші бір елдің ісіне ешқашан араласпайды. Оңтүстік Кореяда болып жатқан жағдай – сол елдің мәселесі. Біздің мақсатымыз – Қазақстаннан тыс елдерде, соның ішінде Оңтүстік Кореяда жүрген азаматтарымыздың құқығын қорғау", - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев.
Санға келетін болсақ, бүгінде Кореямен визасыз режим орнатылған. Сондықтан Оңтүстік Кореяда Қазақстанның 30 мыңнан аса азаматы бар. Бірақ айта кетер бір жағдай, Кореяда жүрген азаматтарымыз дені ішкі миграциялық заңды бұзып жүр.
Бұған дейін Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын Оңтүстік Кореяны екі елдің шекара маңына ұшқышсыз ұшақтар ұшырды деп айыптап, шұғыл жауап беруге дайын екенін мәлімдеген. Енді парламенттегі оппозиция өкілдері Юн Сок Ёльге өз еркімен қызметтен кету талабын қойып отыр. Ол орындалмаған жағдайда, депутаттар импичмент жарияламақ. Ал әскери режимді қолдап, бұйрықтарды бұлжытпай орындаған Қорғаныс министрі Ким Ен Хён бүгін халықты дүрбелеңге салғаны үшін кешірім сұрап, отставкаға кету туралы өтініш берді.
Әйкерім Пернебек, AlmatyTV
Оқи отырыңыз: АҚШ-тың бірқатар штатында қалың қар жауды