Солтүстік Македонияда түнгі клуб өртеніп, 59 адам қаза тапты

16.03.2025 16:18

Қатты күйік шалған 90 науқас ауруханаға жетізілді

trt.global

Солтүстік Македонияда түнгі клубта шыққан өрттен кемінде 59 адам қаза тауып, 155-тен астам адам жараланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі BBС агенттігңне сілтеме жасап.

Өрт түнгі сағат 02:30 шамасында ел астанасы Скопьеден шығысқа қарай 100 км (60 миль) жерде орналасқан Кочани қаласындағы Pulse клубында болған. Сол уақытта клубта елдегі танымал хип-хоп дуэті DNK концерт беріп, 1500 адам жиналған.

Елдің премьер-министрі Кристиан Миковский бұл оқиғаны көптеген «жастың өмірін қиған ауыр және өте қайғылы күн» деп атады.

Ішкі істер министрі Панс Тосковский оқиға орнында 4 адамды қамауға алуға ордер берілгенін айтты.

Бұған дейін ол «алдын ала мәлімет бойынша өрт жанғыш материалдан жасалған төбеге тиген пиротехникалық құрылғылардың ұшқынынан шыққанын» айтқан.

Бастапқыда Кочани ауруханасына қатты күйік шалған 90 науқас түскен. Денсаулық сақтау министрі 18 адамның жағдайы ауыр екенін айтты.

Ел билігі қаза болғандардың туыстарына көңіл айтып, бір күн қаралы күн жариялады.

Оқи отырыңыз: Кездейсоқ миллионер атанған адамдардың қызықты оқиғалары