13 сәуірде Тәжікстанда екі рет жер сілкінген
13 сәуірде елде болған жер сілкінісі салдарынан Тәжікстанның екі ауданында 100-ге жуық тұрғын үй қирап, тағы бірнеше ондаған ғимарат зақымданып, бір бала қаза тапты. Бұл туралы елдегі Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетінің (ТЖК) Дағдарысты басқару орталығы хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Хабарламада Рашт аймағының бес ауылында 40 тұрғын үй толығымен қирағаны, 5 тұрғын үй, 3 шайхана және 1 қосалқы мектеп ғимараты жартылай қирағандығы атап көрсетілген.
Сонымен қатар, Үштұрпаст ауылында үш жасар баланы үйдің қабырғасы басып қалып, мерт болған.
Айта кетейік, 13 сәуірде Тәжікстанда екі рет жер сілкінген. Алғашқысы жергілікті уақыт бойынша 09:24-те тіркелді. Магнитудасы 5,8. Оның көршілес Өзбекстан аумағына әсер еткені, Ташкентте 2 баллдық күшпен жерасты дүмпулері сезілгені айтылды.
Екінші жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша 12:14-те болды. EMSC мамандары жер сілкінісінің магнитудасын 4,2 деп бағалады.
Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы (EMSC) 14 сәуірге қараған түні, UTC 0:44 (Қазақстан уақытымен 5:44) кезінде Тәжікстанда магнитудасы 4,5 балдық тағы бір жер сілкінісі тіркелгенін мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында интернет алаяқтардың жартысынан көбі ұсталды