Түркияда есірткі саудасына қарсы ірі операция кезінде 525 адам ұсталды

17.04.2025 19:34

Арнайы операцияға дайындық 6 ай бойы жүргізілген

AA Photo

Түркия полициясы бейсенбі күні таңертең Анкарада арнайы операция жүргізіп, есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен 525 адамды ұстады. Елдің ішкі істер министрі Али Ерликая бұл операцияны «ел тарихындағы ең ірі есірткі операциясы» деп атады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Associated Press агенттігінің жазуынша, арнайы операцияға дайындық 6 ай бойы жүргізіліп, оған мыңға жуық полиция қызметкері, қызметтік иісшіл иттер, ұшқышсыз аппараттар мен тікұшақтар жұмылдырылып, 625 мекенжай қамтылған.

«Әрбір күдікті техникалық және физикалық тұрғыдан қадағалауда болды. Ұсталғандардың көпшілігі «онлайн байланыс платформалары арқылы өз аудандары мен көшелерінде есірткі саудасына қатысы болды деген күдікке ілінді. Біз бұл у сатушыларға олардың жолы тұйық екенін тағы да дәлелдедік», - деп жазды Ерликая өзінің X аккаунтында.

Ішкі істер министрлігі есірткі сатушыларды қудалау жұмысы жалғасатынын және алдағы күндері тағы да біраз тұтқындау болатынын мәлімдеді.

Түркиядағы рейдтер сейсенбі күнгі халықаралық есірткі саудасы мен ақша жылыстату желілеріне бағытталған жалпыеуропалық ірі операцияның жалғасы болып отыр. Еуропол мен полиция күштері Нидерланды, Түркия, Германия, Испания және Бельгияда жүргізген операция барысында 400 млн доллардың активтерін тәркілеп, 230-дан астам адамды тұтқындады.

Оқи отырыңыз: Ақмола облысында қылмыстық топ 450 адамның атынан заңсыз несие рәсімдеген