COVID-19-ға қарсы вакцинаның екінші дозасы не үшін керек – маман жауабы

05.05.2021 16:57

Олар инфекциядан сенімді қорғауды қамтамасыз етеді

Фото: snanews.de

Маман коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасы не үшін қажет екенін түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

«Коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасы әсерді арттыру және тұрақты иммунитетті қалыптастыру үшін қажет. Оны салдыру керек, әйтпесе адам өз денсаулығына зиян келтіреді және бірінші дозаның тиімділігін жоққа шығарады», – деді Роспотребнадзор Орталық ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Александр Горелов.

«Алғашқы дозадан кейін гумораль иммунитетті құрайтын антиденелер пайда бола бастайды. Ол IgM және IgG иммуноглобулиндерінің болуымен анықталады. Гумораль иммунитет тұрақсыз және қысқа, ол 2-3 айға жетеді. Сондықтан оны нығайту үшін вакцинаның екінші дозасы қажет, соның арқасында Т-жасушалық иммунитет немесе жады жасушалары қалыптасады. Олар инфекциядан сенімді қорғауды қамтамасыз етеді», –  деді Горелов.

Ол вакцина дозалары арасындағы интервал 30-45 күндік кезең саналатынын, бірақ пандемия кезінде бір жарым ай өте ұзақ екенін айтты. Толыққанды иммунитеттің мүмкіндігінше тез қалыптасуы маңызды, сондықтан қазіргі уақытта бұл аралық 21 күнге дейін қысқарды, деп түсіндірді Горелов.

«Вакцинаның екінші дозасынан бас тартқан адам денсаулығына зиян келтіреді және бірінші дозаның тиімділігін жоққа шығарады. Өйткені бірнеше айдан кейін ол қайтадан инфекцияға осал бола бастайды. Сондықтан иммунологиялық әсері болуы үшін вакцинацияның толық курсынан өтіп, коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын да алу өте маңызды», –  деді Горелов.