Жасөспірімдер коронавирус вакцинасын қалай қабылдайды

09.12.2021 19:33

Алматылық педиатр коронавирустың балалар ағзасына тигізетін салдары туралы айтты

Almaty.tv

№7 қалалық клиникалық аурухананың педиатр дәрігері Қарлығаш Байдулла вакцинациядан кейін жасөспірімдер мен жүкті әйелдердің иммундық жүйесі қорғалады деп санайды. Коронавирусқа қарсы вакцинация иммунитетті күшейтеді, сондықтан ата-аналар балаларын қазір вакцинациялауы керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Қ. Байдулла бұрын белгілі болған барлық індеттер вакцинация арқылы тоқтатылғанын еске салды. Дәрігер кейбір ата-ана балалардың иммунитеті күшті деп санайды. Алайда пубертатты, яғни жыныстық жетілу кезеңіндегі жасөспірімдерде жағдай күрделі екенін ескеру керек. Біріншіден, олар санитарлық талаптарды жиі елемейді, екіншіден, олардың ағзасы ересек тарта бастағандықтан, вируспен өзара әрекеттесу механизмдері ұқсас болады.

Педиатр коронавирустың төртінші толқыны кезінде қалада аурудың «жасаруы» байқалғанын, көбінесе балалар ауруханаларға түсетінін еске салды. Ал балаларда COVID-19-дың салдары ересектермен бірдей болатынын естен шығармау керек.

Қ. Байдулла физиологияның ерекшеліктеріне байланысты жүкті әйелдерді вакцинациялау қажеттілігі туралы айтты.

«Мұнда екі мақсат бар: ананы  және баланы қорғау. COVID-19 вакцинасын алудың еш қаупі жоқ. Бірақ аурудың өзі бірқатар асқынуға әкеп соғады, оның ішінде коагулопатия, қан ұюының бұзылуы, сондай-ақ қан ұюы салдарынан ұрықтың антенатальды өлімі, плацентарлы бөлінісі және қан кету сияқты қауіптерді туындатады. Вакцинаны ІІ және ІІІ триместрде алуға болады, осы кезеңде вакцинаның ұрыққа әсері жоқ, ол қазірдің өзінде қалыптасқан», - деп түсіндірді дәрігер.

Сондай-ақ Қ. Байдулла вакциналанған алматылықтарды ревакцинацияға шақырды. Оның айтуынша, антиденелер белгілі бір уақыттан кейін күшін жоғалтады. Сондықтан үшінші вакцинаны алу ұсынылады. Ревакцинациядан өту кезінде басымдық қарт адамдарға, созылмалы аурулары бар адамдарға берілуі керек.

Дәрігер адам ағзасы вирус туралы ақпаратты алғашқы екі вакцинациядан кейін сақтайтынын айтады, ал егер ұзақ уақыт бойы тиісті антиген болмаған жағдайда, ағза иммундық жүйенің белгілі бір бөлігін толық дайындықта ұстай алмайды деп мәлімдеді.

«Мысалы, вакцинацияның екі компонентін алған жағдайда антиденелер саны 1000-нан 5000 бірлікке дейін жетеді, бірақ жарты жылдан кейін олардың саны азаяды. Егер ағзада антидене болмаса, онда адам вирусты тезірек жұқтырады. Ал ревакцинация ағзаны антиденемен толықтырады», - деп түсіндірді дәрігер.