Қазақстандық спортшылар мен бапкерлердің коронавирусты инфекцияға қарсы жоспарлы вакцинациясы наурыз айының басында басталды, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі baq.kz-ке сілтеме жасап.
Қазіргі таңда олимпиадалық спорт түрлерінен 70-тен аса спортшы екпе салдырды. Олардың қатарында олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алған спортшылар да бар.
Екпе салғандардың басым бөлігі вакцинаның екі компонентін де алған. Бүгінде олар оқу-жаттығу жиындарына және жарыстарға қатысуда. Жақында су спорты түрлерінен бақ сынайтын кейбір спортшылар вакцинаның бірінші компонентін алды.
«Шетелдегі жарыстарға байланысты біз вакцинациялауды сәл кеш бастадық. Екінші компонентті алғанға дейін Алматыда оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. Жағдайым тамаша, бірінші екпеден соң өзімді жақсы сезінудемін. Вакцинация спортшылардың арасында да жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Мұнда әр адам өзі үшін шешім қабылдайды. Бірақ Қазақстан олимпиадалық командасының жағдайы осыған тікелей байланысты екенін бәріміз де түсінеміз. Токиодағы Олимпиада ауылында біз бар әлем спортшыларымен бірге тұрамыз, сондай-ақ, жарыс кезінде де басқалармен байланысуға тура келеді. Сондықтан, бізд командамыздың қауіпсіздігі бәрінен де қымбат. Біз бұл Олимпиаданы ұзақ күттік, бес жыл бойы дайындалдық. Соңында денсаулығымызға байланысты мұның бәрі еш кеткенін қаламаймыз», – дейді жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин.
Ұлттық құрама мүшелерін вакцинациялауға арналған бөлімшелер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ашылды. Атлеттер тұрғылықты жері бойынша, өз еркімен және команданың спорттық дәрігерлеріне ескерту арқылы вакцина салдыра алады.
Сәуір айының екінші жартысында, Алматыдағы Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирі аяқталған соң, еркін күрестен Қазақстан командасы толығымен вакцина қабылдады. Бұл жазғы спорт түрлерінен толық құрамымен екпе салдырған алғашқы ұлттық команда. Бұған дейін фристайл-акробатикадан Қазақстан командасы вакцина салдырды.
«Спортшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау біздің басты міндетіміз саналады. Біз спортшыларды, әсіресе, Олимпиада жолдамасын жеңіп алған атлеттерді вакцина қабылдауға шақырамыз. Біріншіден, бұл қазіргі таңда өз денсаулығыңды сақтаудың ең жақсы әдісі, екіншіден, өз командаңмен бір толқында екеніңнің айғағы. Бұл тек өзің үшін ғана емес, айналаңды қоршаған барлық адамдар үшін жауапкершілік сезінетін және Олимпиаданың қауіпсіз әрі табысты өтуіне үлес қосатын сәт», – деп атап өтті Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев.
Қазақстан ҰОК Олимпиадаға қатысатын спортшыларды вакцинациялауды маусым айының соңына дейін аяқтауды жоспарлауда. Вакцинаны ертерек алуға командалардың спорттық кестесі кедергі болуда. Себебі, екінші компонент 21 күннен соң салынуы тиіс, алайда, барлығының кестесі бұған сәйкес келе бермейді. Спортшылардың бір бөлігі оқу-жаттығу жиындарында, екінші бөлігі жарыста болатынын ескеру қажет. Қазіргі таңда 10 ұлттық команда шетелде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. 13 ұлттық команда халықаралық турнирлерде бақ сынауда. Вакцинациялау мәселесін ҰОК пен ҚР мәдениет және спорт Министрлігі жіті бақылауда.