Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының Алматы қалалық филиалының директоры Гүлнар Ысқақова сөз сөйледі. Ол мегаполистің барлық 215 екпе пункті мамыр айының мерекелік және демалыс күндері жұмыс істейтінін, сондай-ақ СОО базарлар мен сауда үйлері базасында вакцина салдыру үшін алдын ала жазылу қажет емес екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сонымен қатар, вакцинаның екінші компонентін алу мерзімі 45 күннен кейін деп өзгертілгеніне қарамастан, оны ертерек, 21 күннен кейін де алуға болады, ол үшін өтініш жазу керек.
Гүлнар Ысқақованың айтуынша, Алматыда жаппай вакцина алу өте ауқымды жүргізілуде, қазірдің өзінде вакцинаның бірінші компонентін 238 мыңнан астам адам алды, оның ішінде 60 жастан асқан адамдар – 31 мыңға жуық. Екінші компонентті 90 мыңнан астам адам алды. Оның үстіне, екпе алғандардың бәрі Алматы қаласында тіркелмеген.
«Қазақстанда жаппай вакциналаудың жүргізілуіне байланысты, тұрғылықты жеріне немесе Алматыда тіркелгеніне қарамастан, кез-келген адам коронавирусқа қарсы екпе жасата алады. Сондай-ақ, Алматыда тұруға рұқсаты бар шетел азаматтарын, еңбек мигранттарын, босқындарды және шетелдік студенттерді тегін вакцинациялай аламыз. Алматыда ондай адамдар саны 7 мыңға жуық», – деді Гүлнар Ысқақова.
Спикер вакциналанғандардың негізгі санының басым бөлігін педагогтар құрайтынын, қазірдің өзінде олардың 99%-ына екпе жасалғанын хабарлады. Сондай-ақ, Алматы қаласының медицина қызметкерлерінің 83%-дан астамы, учаскелік полиция инспекторларының 94%-дан астамы вакциналанды.
«Бүгінгі таңда вакцина алуға қарсы көрсеткіші бар аурулар тізімі аз. Бастысы, азаматтарымыздың вакциналануға деген ниеті болса болды, Алматы қаласының кез келген жерінде екпе салдыруға болады. Күн сайын демалыссыз және үзіліссіз 215 екпе пункті жұмыс істейді, қажет болған жағдайда резервте тағы 250 екпе пункті бар», – деп толықтырды Г.Ысқақова.
Қоғамдық денсаулық басқармасы спикерінің айтуынша, вакциналану кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Вакцинация» ақпараттық базасында тіркеу жүргізіледі.
«Вакцинаның екінші компонентін алғаннан кейін, Егов базасында автоматты түрде үш тілде, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде электрондық вакцина паспорты пайда болады. Оны E-Gov mobile мобильдік қосымшасы арқылы көруге болады, ол үшін оны смартфонға жүктеп, тіркелу жеткілікті және ЭЦҚ қажет емес», – деп түсіндірді Г.Ысқақова.
Қажет болған жағдайда, вакциналанудың электрондық паспорты әрқашан ұялы телефонда, оны жүктеп, басып шығаруға да болады. Шетел азаматтарына вакцина алу туралы тек медициналық анықтама беріледі, өйткені оларда ЖСН жоқ.
Г. Ысқақованың айтуынша, алматылықтар коронавирусқа қарсы екпе науқанына жауапкершілікпен келуде, әсіресе аға буын белсенді. Қазірдің өзінде вакцинаны 65 жастан асқан 31 мыңнан астам азамат алды, вакциналанғандардың арасында 90 жастағы адамдар тіркелген. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, аға буын вакцинадан жеңіл өтуде, жанама әсерлер байқалмады.
Сонымен қатар, елдің әр тұрғыны вакцина түрін таңдауға құқылы. Яғни қазақстандық QazVaq пен ресейлік «Спутник-V», сондай-ақ, Қытайда өндірілген вакцинаны ала алады.
Қорытындылай келе, Г. Ысқақова жалпы санының 50% вакциналаудан өткен кәсіпорындардың қызметкерлері әдеттегі жұмыс режимі, яғни оффлайн режиміне оралуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда вакцинаның екінші компонентін бұрынғы кесте бойынша 21 күннен кейін де алуға болады. Ол үшін екпе пунктіне хабарласып, ерікті түрде өтініш жазу қажет. Әзірге ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес екінші екпе 45 күннен кейін алынады.