Алматы тұрғындарының 56 пайызында вирусқа қарсы иммунитет қалыптасты

13.11.2021 00:11

2022 жылдың көктеміне дейін қоғам иммунитетін 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр

Almaty.tv

Алматы тұрғындары Pfizer екпесін ала бастады. Бұл науқанға қаланың 1619 оқушысы ерікті түрде қатысуға ниет білдіріп отыр. Ал 30 мыңдай бала ата-анасының рұқсатымен иммундалады деп, тізімге енгізіліпті. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Pfizer екпесіне қатысты қызығушылық та, сұрақ та көп. Сондықтан дәрігерлер барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл ретте біз де көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап алуға дайынбыз.  

Бүгінде Алматыда балаларды вакциналау медициналық мекемелерде жүріп жатыр. Егу жұмыстары алдын ала жасалған тізім бойынша және тек ата-аналардың рұқсатымен өтуде. Сондай-ақ екпе кезінде ата-ана баласының қасында болуы міндетті емес екен. Тек иммундауға рұқсат жазып берсе болғаны. Егер ата-ана перзентінің жағдайын бақылағысы келсе, оған да шектеу жоқ. Ол кезде емханаға келген ересектер келісім беру туралы құжатты толтыруы қажет. Ал ал қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілдері келесі аптада жеткіншектерді вакциналау білім беру мекемелеріндегі егу пунктінде басталатынын айтып отыр.  

«Біз балаларды мектептердегі егу пунктерінде вакциналауға дайынбыз. Білім беру мекемелерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазір бізде ата-аналары рұқсат берген балалардың дайын тізімі бар. Егер ата-аналар келісімі болмаса, бірақ жасөспірімнің өзі қаласа, бұл жағдайда біз хабарласып, ата-аналарының келісімін сұрауымыз керек», – деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали.

Ал бүгін Алматыдағы бірқатар медициналық мекемелерге Pfizer екпесі жеткізілді. Қазір қалада америкалық екпенің 46 800 дозасы бар. Бірақ әр емхана мен аурухана вакцинаның белгіленген мөлшерлерін ғана алып, иммундауды қызу бастап кетті. Екпе алуға келген аяғы ауыр келіншектер мен емізулі аналар, оқушылар қатары көп.    

Оқи отырыңыз: Алматыда жүкті әйелдер мен жасөспірімдерді вакциналау қалай жүріп жатыр

Ал қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің мәлімдеуінше, бүгінде Алматы тұрғындарының 56 пайызында вирусқа қарсы иммунитет қалыптасыпты. Алайда бұл көрсеткіш әлі де жеткіліксіз. Мегаполис ел бойынша вакциналаудан бірінші орында келе жатқанымен, 2022 жылдың көктеміне дейін қоғам иммунитетін 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бірақ қараша айының аяғында ревакциналау белсенді жүрмесе, Жаңа жылға қарай вирус қайта өршуі мүмкін деп отыр.    

«Екпеден кейін қоғамдық иммунитет 48 пайызға жетті. Оған қоса тұрғындардың 8 пайызында вирус жұқтырғандықтан, антидене бар. Ал жарты жыл бұрын екпе алғандарда антидененің төмендегені байқалып отыр. Егер халық белсенді түрде вакцина алмаса, онда қалада эпидахуал нашарлап кетуі мүмкін», – деді Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ қаланың бас санитары бүгінде Алматыда коронавирус бәсеңдегенімен, жұқпалы респираторлы вирус өршіп тұрғанын мәлімдеді. Себебі, тұмау маусымы басталғалы екі жарым мыңнан аса науқас ауруханаға жатқызылған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жоғары көрсеткіш.      

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы