Қаламызда өткен тәуліктің өзінде вакцинаның 1-компонентін – 1073, ал 2-компонентті 1513 адам салғызған. Жалпы көрсеткіште 929 мыңға жуық тұрғын екпе алып, Алматы көш бастап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ, 60 жастан асқан қарт кісілердің де ерікті түрде екпе қабылдауы жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда 116 мыңнан астам қария COVID-19-ға қарсы иммундау шарасына жүгінген.
«Бізге емес, бүкіл әлемге келіп жатқан індет қой. Не айтамыз? Оның құрығанын тілейміз, кеткенін тілейміз. Соған бүкіл әлем қатысып жатыр. Енді бұл да бір елдің басына түскен сынақ шығар», – деді КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов.
Айта кету керек, қазір қалада 160 вакцина пункті жұмыс істеп тұр. Түрлі мәдениет және спорт нысандары мен медициналық ұйымдарда, сондай-ақ базарларда құрылған пункттерге қазір жалпы 237 бригада жұмылдырылған. Қалыпты өмірге оралу үшін ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы маңызды тұста ел ағалары да «екпенің мәнін түсініп отырмыз» дейді.
«Қазақша айтқанда, суық, тұмау тиіп қалады ғой. Вакцина алған адамдар соны жеңіл өткеріп жүр. Байқап жүрміз. Вакцина алмағандарға қиындау тиіп жатыр. Коронавирус біздің дүниеге, өмірге деген көзқарасымызды өзгертіп жатыр», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов.