Қытайдың CoronaVac вакцинасының алғашқы партиясы жетті
Елімізге Қытайдың CoronaVac вакцинасының алғашқы партиясы жетті. SinoVac фармацевтикалық компаниясы өндірген қытайлық екпенің бүгін 500 мың дозасы Алматыға әкелінді. Рейсті еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен Қытайдың бас консулдығының өкілдері, қаланың бас санитар дәрігері күтіп алды. Толығырақ Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.
Міне қазір сағат 4-тен 14 минут кетті. Сонау Қытайдан тиелген жүк елге аман жетіп, ұшақтан түсіріліп жатыр. SinoVac вакцинасының 500 мың дозасы жеткізіліп отыр.
Бұл – қытайлық CoronaVac вакцинасының ең алғашқы партиясы. Вакциналар бірден «СҚ-Фармация» қоймасына жіберілді. Мамандардың сөзінше, екпенің бір бөлігі Алматыда қалса, қалғаны ел аумағына таратылмақ. Ал қытайлық екпені қалалықтар бүгіннен бастап қабылдай алады.
«Биотехнологиялық компаниясының «SinoVac Ltd» деген вакцинасын қабылдап жатырмыз. Осы партия ең үлкен партия деп саналады», – деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.
Айта кетейін, маңызды рейсті күтіп алуға еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен Қытайдың бас консулдығының өкілдері қатысты.
«Бір жарым жылдан бері ковид-19 індеті басталғалы бері Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі өте белсенді түрде ынтымақтасып келе жатыр. Бүгінгі CoronaVac вакцинасының келуі де сол үлкен жұмыстың нәтижесі деп қарастырамыз», – деді ҚР СІМ Алматы қаласы өкілдігінің басшысы Асқар Шоқыбаев.
Екі жақты тараптың тату қарым-қатынасы атап өтіліп, CoronaVac препараты әлемнің көптеген елінде қолданылатыны айтылды. Алдағы уақытта вакцинаны Қазақстанға тағы да жеткізу қарастырылмақ.
«Қытай вакцинасының алғашқы партиясы Қазақстанға жеткізіліп жатыр. Маңызды сәтке куә болғаныма қуаныштымын. Бұл екі ел арасындағы мәңгілік, жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін көрсетеді», – деді Қытайдың Алматыдағы бас консулының міндетін атқарушы Мяо Хунбо.
Жалпы CoronaVac вакцинасын алу екі кезеңнен тұрады. Екінші дозасы 14-28 күн аралығында салынады. Екпенің ерекшелігі - +2,+8 градусты температурада сақтала береді. Бұл вакцина еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолдау тауып, ел аумағында қолдануға рұқсат етілген.
«Вакцинаны 18 жастан асқан адамдар ала алады. Сонымен қатар 60-тан асқан жандар дәрігердің бақылауымен қабылдағаны абзал», – деді «МЕДСЕРВИСПЛЮС» Қазақ фармацевтикалық компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Саида Ерденбекова.
Сонымен, елімізде енді вакцинаның 4 түрі қолжетімді болды. Атап айтқанда, ресейлік Спутник V, отандық, Qazvac қытайлық технологиямен әзірленген Араб елінің «Хаят Вакс» екпесі мен Қытайдың CoronaVac вакцинасы.
Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы