Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар жаппай вакцина салғызып жатыр

22.09.2021 20:31

Дәрігерлер мүгедектік немесе созылмалы аурудың болуы екпе салғызуға қатаң шектеу бола алмайтынын айтады

Sputnik / Alexander Imedashvili

Коронавирус мүгедектігі бар адамдар үшін аса қауіпті. Сондықтан аурудың алдын алып екпе салғызу керек. Арна тілшісі Жанар Ғаниқызы вакцинадан бас тартпау керек деп санайтын мүмкіндігі шектеулі жандармен тілдесіп қайтты, деп хабарлайды Almaty.tv.  

Богдан Джепка – 23 жылдан бері бірінші топ мүгедегі. Айтуынша, былтыр отбасымен коронавируспен ауырған. Созылмалы ауруларының көптігіне байланысты алғашында екпе салғызуға жүрексініпті. Алайда, дәрігерлермен кеңесе келе өзін және жақындарын қорғау үшін вакцина салғыздым дейді.

«Инфекционист, иммунолог дәрігерлер сараптама нәтижелерін әбден тексеріп, екпеден бас тартуға ешқандай негіз жоқ екенін айтты. Керісінше, біз үшін вакцина салғызу маңызды. Ауырып қалған жағдайда да жеңіл өткереміз. Вакцина қай заманнан бері тексерілген әдіс. Сондықтан еш күмәнданбау керек», - деді қала тұрғыны Богдан Джепка.

Ал Ұлан Іңкәрбаев Алматыдағы мүмкіндігі шектеулі жандар арасында алғашқылардың бірі болып екпе салғызған. Туғанынан церебралды сал ауруымен ауыратын, Бостандық ауданы мүгедектер қоғамының басшысы осылайша вакцинаның еш қаупі жоқ екенін көрсеткісі келеді.

«Екпені алу керек. Өйткені ол адамдар оны тегін алып жатыр, еш кезек жоқ, мүмкіндік бар. Енді неге алмасқа? Керісінше, ауруға тез шалдығатын адамдар бірінші кезекте алуы керек», - дейді қала тұрғыны Ұлан Іңкәрбаев.

Әлемде сағатына коронавирустан 236 адам, тәулігіне шамамен 6 мың адам көз жұмады екен. Вакцина қайғылы статистиканың бір бөлігі болудан сақтайды. Ал дәрігерлердің айтуынша, мүгедектік немесе созылмалы аурулардың болуы екпе салғызуға қатаң шектеу бола алмайды. Мамандар әр жағдайға жіті талдау жасап, толық тексергеннен кейін ғана егу пунктіне жібереді.

«Үзілді-кесілді екпе алуға болмайды деген нәрсе жоқ. Бүйрек аурулары, құрысу синдромы бар аурумен ауыратындарға, жақында ғана инсульт, инфаркт алғандарға әзірше екпе алмай қоя тұру керек. Алайда денсаулығы жақсарып,оңалту кезеңінен өткеннен кейін дәрігер қабылдауына барған жөн. Әбден тексергеннен кейін, еш алаңсыз екпе салғызуға болады», - дейді № 12 қалалық емхананың педиатр-дәрігері Светлана Постнова.

Жаппай вакциналау ғасырлар бойы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Cоның арқасында қызылша мен шошқа тұмауының таралуы 99 пайызға, көкжөтелдің таралуы 81 пайызға төмендеген. Полиомиелит пен паротит туралы мүлдем ұмыттық. Сондықтан халық арасындағы екпе туралы ақпараттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі тиіс дейді мамандар.

«Вакциналау кезінде ауру тудырмайтын бірақ сонымен қатар иммундық жауапты қауіпсіз генерациялайтын инактивацияланған немесе әлсіздендірілген вирусты пайдаланатын фрагменттер пайдаланылады. Басым бағыттарды қолға алып, ақпараттандыру жұмыстары жүргізілген жағдайда, біз өзімізді және жанымыздағы достарымызды қорғайтынымызға кәміл сенуімізге болады», - деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жаратылыстану институтының директоры Гаухар Байташева.

Бүгінде екпе алған алматылықтардың саны 1 миллионға жуықтап қалды. 930 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін алса, 823 мыңнан астам адам екінші дозасын салғызған. Мегополисте 160 вакцинация пункті жұмыс істейді. 237 вакцинация бригадасында 1 028 медицина қызметкері жұмылдырылған.

Жанар Ғаниқызы, Мадина Оқас, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы