Вакцина алу ең алдымен өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін қажет – наиб мүфти Ершат Оңғар

05.08.2021 21:32

Ислам дінінде адамның өмірі мен денсаулығы әрқашан бірінші орында тұрады

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавирус індетімен күресудің бірден-бір жолы – вакцина екенін айтты. ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар вакцина жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv

«Ислам дінінде денсаулық – ең үлкен құндылық. Вакцина – ғылымның жетістігі десек, Ислам ғылымды қолдайды. Дәрігерлер коронавирус індетімен күресудің бірден-бір жолы вакцина екенін айтып отыр. Ал, Ислам дінінде адамның өмірі мен денсаулығы әрқашан бірінші орында тұрады.

Вакцина алу ең алдымен өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін қажет. Одан кейін отбасымыздың, үшіншіден, қоғамның қауіпсіздігі, маңайымыздағы әріптестеріміз, ағайын-тума, дос-жарандардың індетке шалдықпауы үшін екпе алудың маңызы зор. Қасиетті құранда Алла Тағала «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп бұйырған.

Сондықтан, екпе алу арқылы індеттен сақтануды шештім. Алла Тағала халқымызды жұқпалы індеттен сақтап, науқас жандарға шипа нәсіп етсін! Әмин», – деді ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар.