Неліктен коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина бойынша әлі толық дерек жоқ? Ал, не себепті Жамбыл облысында отандық вакцина шығаратын зауытты пайдалануға беру мерзімі қайта ұзартылды? Егер елімізде күзге дейін 10 миллион адам екпе салдырмаса, Денсаулық сақтау министрі жұмысынан кете ме? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек айтып берсін.
Соңғы уақыттарда журналистердің алдына сирек шығатын Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сұрақтың астында қалды. Алдымен қазақстандық вакцина бойынша кейбір мамандар мен адамдардың сенімсіздігін тудырған мәселеге қатысты түсіндірді.
«Білім және ғылым министрлігі, Биологиялық қауіпсіздік мәселері институты бірқатар рейтингтік журналға бірнеше мақалаларын жіберді. Сол материалдар жарық көрмегенше вакцина туралы ақпарат ашық айтылмауы тиіс. Жалпы, QazVac-Қазақстанның үлкен жетістігі. Жеке өзім осы вакцинамен егілгенмін, өзімді жақсы сезінемін және оны азаматтарымызға ұсынамын», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Елімізде бүгінгі таңда «QazVac» вакцинасының 1-компонентін 41 мың адам алыпты. Жалпы барлық вакциналарды қоса алғанда 1,4 млн адам екпенің екі дозасын салдырған. Айта кетейік, елде егіліп жатқан вакциналардан бөлек Қазақстанға Қытайда өндірілген «CoronaVac» вакцинасының 500 мың дозасы жеткізілген. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой егер күз айына дейін 10 миллион адам вакцина алмаса жұмыстан кетуіне қатысты сұраққа жауап берді.
«Біз әрбір азамат саналы түрде екпе алады деп үміттенеміз. Ол үшін біз өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ұжымдық иммунитеттің 60% деңгейіне жетуі өте маңызды. Үкіметтің кез-келген мүшесінің кез-келген мәселесі Мемлекет басшысына байланысты. Жұмысы қалай бағаланады сондай шешім қабылданады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Ал, Жамбыл облысында отандық вакцина шығаратын зауыт құрылысының аяқталу мерзімі кейінге тағы шегерілді. Енді жаз айында емес, күзде пайдалануға берілмек.
«Біз жақын арада, тамыз-қыркүйек айларында іске қосу-жөндеу жұмыстары аяқталды деп отырмыз. Қазір Жамбыл облысы әкімдігінің ақпараты бойынша жабдықтың валидациясы жүріп жатыр. Барлық регламенттік рәсімдер өтуде, күзге қарай бұл зауыт іске қосылып, өз қуаттылықтарын кезең-кезеңімен кеңейтеді деп ойлаймын», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Алдағы уақытта балалар да «Ashyq» жобасы арқылы тексерістен өтеді. Министрліктің мәліметі бойынша, балалар мектепке, оқу орындарына барған кезде осы жоба арқылы тексерілетін болады.
«Бүгінгі таңда балалардың арасында да аурушаңдық деңгейі өсіп отыр. Балалар да ауру таратып жатқаны белгілі. Бірақ біз «Ashyq» жобасының тиімділігін, коронавируспен күресудегі пайдасын әуелі ересек адамдардың арасында тексеріп жатырмыз. Ересектерді тексеруді ретке келтіріп алатын болсақ, балаларға да енгіземіз», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.
Тағы бір жаңалық–Қазақстанның вакцинация бойынша паспорты Моңғолия, Венгрия және Таиланд мемлекеттерінде жарамды болуы мүмкін. Бүгінде олармен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен. Бұл ретте Түркия, Кипр сынды елдер барлық елдің вакцинация паспортын мойындайтынын айта кетейік.