Алматыда 54 мобильді екпе бригадасы жұмыс істейді

09.06.2021 22:02

Бүгін алғашқы бес адам вакцина салдырды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Елімізде коронавирус вакцинасын салдырғандар саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Мегаполисте сәуір айынан бері 326 мыңға жуық алматылық– екпенің бірінші компонентін салғызған. Бүгінгі таңда шаһардағы медициналық ұйымдар, мектептер, мәдениет және спорт нысандарында 211 вакциналау пункті жұмыс істейді. Сондай-ақ, шеткі аудандар мен базарлар маңында жылжымалы егу бекеттерінің де саны көбейіп келеді. Сондай қозғалмалы пунктктердің біріне Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай барып келді.  

Жылжымалы егу пунктінде вакцина алам деушілерге бар жағдай жасалған. Алдымен тұрғын шатырдың астында сауалнама толтырып, терапевттің тексеруінен өтеді. Одан кейін, автобустың ішінде екпе салдырған соң, арнайы ұйымдастырылған күту орнына барып, жарты сағат отыруы керек.

Қазір мегаполис бойынша осындай 54 мобилді екпе бригадасы жұмыс істейді. Бүгін осындай жылжымалы екпе пункті Түрксіб ауданындағы тұрғын үй кешенінің жанына тоқтады. Мұндай бригадалар аудандық әкімдіктермен бірлесе отырып жұмыс істейді. Аудан басшылығы егу бригадасы келмес бұрын жергілікті тұрғындарға алдын-ала насихаттау жұмыстарын жасайды.

«Көп адамдардың қазіргі ағыл-тегіл заманда уақыты жоқ. Сол себептен біз осындай шара қолдандық», – деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуов.

Жергілікті тұрғын Құралай Атабай COVID-19-ға қарсы иммундық жүйе қалыптастыру мақсатында Спутник-V екпесін қабылдады. Елде індет өршіген уақытта оның жақындары да кеселмен ауырып шығыпты. Ол вакцинаның пандемияны жеңетін басты қару екеніне сенімді.

«Құдай сақтасын, ешкім ауырмай-ақ қойсын! Ауырған адам түсінеді. Менің көзім жеткеннен кейін осы вакциянаны алуға келіп отырмын. Енем, мен және жолдасым үшеуміз аламыз деп шештік. Туған-туысқандарымызға, басқа да таныстарымызға ақыл-кеңесімізді берудеміз», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Құралай Атабай.

Жылжымалы вакциналау пункттерінің барлығында тоңазытқыш қондырғысы бар. Сондай-ақ, тасымалға арналған рефрижераторлық типтегі белсенді термоконтейнерлермен қамтамасыз етілген.

«Спутник V» екпесі бұл  18 градустан басталады, сақталуы. Бізге оған арнайы жабдықтардың бәрі бар. Ал қазіргі QazCovid пен Hayat-Vax, бұлар  -2 мен -8 градусқа дейін сақтала береді», – деді «Жас Қанат» бастапқы медико-санитарлық көмек көрсету орталығының бас дәрігері Айдар Сұлтанғазиев.

Қазір қалада 1 260-қа жуық маманнан тұратын 304 екпе бригадасы бар. Мамандар қажеттілік туындаса аталған пункттер санын көбейтуге мүмкіндік бар дейді.

Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы