Министрдің айтуынша, қазір әлемде қайта екпе салудың жолдары зерттеліп жатыр
Қазақстанда коронавирусқа қарсы ревакцинация қараша, желтоқсан айларында басталуы мүмкін. Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазір әлемде қайта екпе салудың жолдары зерттеліп жатыр. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа өңіріндегі жоғары деңгейлі жұмыс тобына кірді. Осы топ Еуропа өңірі бойынша ревакцинацияның стандарттарымен және стратегиясымен айналысып жатыр екен.
«Ревакцинацияға абайлап келу керектігі жөнінде алдын ала ұсыным шығарылған болатын. Оның өзінде бірінші кезекте халықтың осал буыны мен алдыңғы саптағы қызметкерлер, вирусқа қарсы антиденесі жоқ азаматтар екпе алуы керек екені айтылған. Яғни, қазір ревакцинацияның неше мәрте болуы керектігі, қай вакцинаның түрін егу қажеттігі, дозаның мөлшері біздің иммундау жөніндегі ішкі комиссияда талқыланып жатыр», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Қазір эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Коронавируспен сырқаттанушылық 2,4 есе төмендеген. Ал оқу жылы басталғалы 9 мыңнан астам оқушы COVID-19 жұқтырған. Студенттер арасында 1200-ден астам жағдай тіркеліпті.