Pfizer вакцинасының 46 800 дозасы қаладағы медициналық мекемелерге жеткізілді
Алматы тұрғындарын Pfizer екпесімен вакциналау басталды. Қазір қалада америкалық екпенің 46 800 дозасы бар. Олар бүгін таңертең бірқатар медициналық мекемеге жеткізілді. Қазір егу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Almaty.tv тілшісі қалалық №7 емханаға әріптесім барып, алғашқы болып егілгендердің жағдайын біліп қайтқан еді.
Бүгін таңертең сағат 10.00 шамасында қалалық №7 емханаға көптен күткен Pfizer екпесі жеткізілді. Шетелдік вакцинаны алуға ниеттенгендер қарасы көп. Алғашқы болып келген 27 жастағы жүкті келіншек вакцина алар алдында көп ойланғанын айтады. Бірақ вирус жұқтырып, тәуекелге бел буғанша, баламды аман-есен дүниеге әкелгенім жақсы дейді.
«Мен үшін алдымен іштегі баламның, кейін өзімнің денсаулығым маңызды. Себебі, жүктіліктің соңғы апталарында коронавирус жұқтыру өте қауіпті болмақ. Сондықтан екпе алдым. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Перзентімнің саулығы – маңызды», – дейді қала тұрғыны.
Екпе алуға келгендерді мамандар алдымен тіркейді, кейін терапевт тексереді. Қарсы көрсеткіші немесе аллергиясы жоқ пациенттер егу бөлмесіне жіберіледі. Мамандардың айтуынша, 1 флакондағы екпе 6 адамды иммундауға жетеді. Сондықтан емханаға жеткізілген екпе мөлшерімен 96 адамды вакциналау жоспарланып отыр.
«Біз егу жұмыстарын сағат 11.00-де бастадық. Екпе алуға келгендер өте көп. Міне, тура бір сағат өтті. Аз уақыт ішінде 13 адам екпе алып үлгерді. Оның 10-ы – жеткіншек, 1 аяғы ауыр келіншек пен 2 емізулі ана келді. Жүкті әйелдерді алдымен акушер-гиниколог мамандары қарап, қан талдамаларын жасады», – деді №7 қалалық емхананың бас дәрігері Айгүл Асен.
Таңсәріден екпе алуға келгендер қатарында бала емізетін келіншектер де болды. Бәрі бірауыздан «Сақтық – саулық кепілі» дейді.
«Күйеуім алғандықтан, өзім де көптен дайындалып жүргенмін. Қазір аламын. Ең алдымен, өз саулығым үшін, сосын балаларымды қорғау үшін аламын», – деді қала тұрғыны Алтынай Құмашева.
«Менің 3 балам бар. 1 жыл бұрын босандым. Енді бала емізетін ана ретінде вакцина алуға келдім. Pfizer вакцинасы келетінін жаңалықтардан естігенде, бірден шешім қабылдадым. Сондықтан болашақ аналарға, емізулі аналарға келіп, Pfizer вакцинасын салдыруға кеңес беремін», – деді қала тұрғыны Нұрилә Мамырова.
Алматылық оқушылар да америкалық екпені асыға күткенін айтады. Бірі індеттен қорғанғысы келгенін алға тартса, қалғаны шет мемлекетте білім алуды жоспарлапты. Қазір вакциналанған жеткіншектердің жағдайы жақсы.
«Менің ойымша, оның ешқандай зияны жоқ. Негізі, вакцина жалпы вирусқа қарсы тұра алады деп ойлаймын. Өзім анам сияқты дәрігер болғым келеді. Кореяға оқуға түссем деп армандаймын», – деді Б. Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Сабина Нұрмахамбет.
Жалпы, Pfizer екпесі балаларға тек ата-ананың келісімімен ғана егіледі. Ол үшін қағаз жүзінде жазылған рұқсат керек. Алайда екі баланың анасы Саида Жанәбілқызы емханаға перзенттерін өзі ертіп келіпті.
«Біз Pfizer екпесін асыға күттік. Себебі, басқа екпе балаларға болмайды және шетелге ұзақ уақыт шыға алмадық. Міне, бүгін балаларыммен бірге келдім. Мен үшін егуге рұқсатты жай қағазға жазып бергеннен гөрі, толық процедураға қатысқан маңызды. Қазір дәрігерлермен бірге балаларымның денсаулығын бақылаудамын», – деді ата-ана Саида Тәуекелова.
Ал дәрігерлер емханаға тіркелгендер қалаға шетелдік екпе келетінін ести сала, өтінім бергенін айтады. Қазір бұл тізімде 61 адам бар. Ал 96 адам егіліп біткен соң 21 тәуліктен кейін екінші компонентті салу жұмысы басталады.
Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы