Біржан Хасанғалиев: Әкем вакцина салдырғанда, студияда бірге отырар едік

29.06.2021 01:15

Вакцина алу ‒ жай ғана үндеу ретінде емес, бәрімізге ұлттық қауіпсіздік ретінде қабылдануы керек

Отандық ғалымдар коронавирусқа қарсы кезекті вакцинаны дайындап жатыр. Бұл туралы арнамыздағы «Шешімі бар: Вакцинация» ток-шоуында айтылды. Күзде қолданысқа беріледі деп жоспарланған екпе гендік-инженерлік жолмен жасалуда. Қазір аталған вакцинаның адам ағзасына иммундық әсері тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлемді әбігерге салған коронавирустың алдын алу үшін арнайы дайындалған бірқатар вакцинаның бар екені мәлім. Дертті болдырмау мақсатында қолданысқа берілгендердің қатарында отандық ғалымдар дайындаған «QazVac» та бар. Ал, күзде шығатын вакцина қазір Таразда тексерістен өтіп жатыр. Ғалымдардың айтуынша, ол жылдар бойы қолданылатын арнайы әдіспен дайындалуда.

«Вакцина субинициалдық жолмен жасалып жатыр. Ол гендік инженерлік вакцина. Оны алу үшін коронавирустың өзінің генін жасанды жолмен бөліп аламыз. Одан кейін оны қауіпсіз микроорганизмге қосып, көбейтеміз. Сөйтіп, нәруызын бөліп алып, біріккен молекула күйінде қолданамыз. Бұл вакцина да қазіргі қолданыстағы «QazVac» сияқты қауіпсіз», ‒ деді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі Лесбек Күтімбетов.

Коронавирус ‒ талайдың өмірін жалмаған қауіпті дертке айналды. Сондықтан дерттің емі ‒ екпе алу екенін қалың бұқара түсініп келеді. Бағдарлама қонағы әнші Біржан Хасанғалиев те «Елдің алды боп екпе алуым ‒ дерттен сақтады. Ал, бұл тікелей вакцинаның әсері. Ата-анамды да екпе алуға шақырған едім», ‒ дейді. Айта кетейік, қазақтың біртуар ұлы Ескендір Хасанғалиев вирус жұқтырып қайтыс болған еді.

«Әкем «қорқам» деп вакцина салдырмаған еді. Мүмкін, салдырғанда осы студияда бірге отырар едік. Бүкіл халық вакцина жасату керек. Мұны жай ғана үндеу ретінде емес, бәрімізге ұлттық қауіпсіздік ретінде қабылдануы керек», ‒ деді әнші, композитор Біржан Хасанғалиев.

Ғалымдар дәл осы вакцинаға қатысты түрлі қауесетке сенбей, жеке бастың ғана емес, қоғамның да қамын ойлауға шақырады. Себебі дерттің жалғыз дауасы ‒ екпе алу. Бүгінде елімізде коронавирусқа қарсы вакцинаның 4 түрі қолданыста бар.