Қазақстан КВИ вакцинасын салу бойынша ТМД елдері ішінде алдыңғы орынға шықты

16.11.2021 01:32

12 қарашадан бастап елдің әр өңірінде бұрын-соңды иммундалмаған топтар Pfizer вакцинасын алып жатыр

Фото: sknews.kz

Қазақстан Республикасы халықты коронавирусқа қарсы вакциналау бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің арасында бірінші орынға шықты. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин бүгін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен кездесуінде мәлімдеді. Себебі вакцинаның бірінші компонентімен қазақстандықтардың 75 пайызы егілген. Ал толық курсынан 69 пайызы өтіп үлгерді. Қазір елде Pfizer екпесімен егу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

12 қарашадан бастап елдің әр өңірінде бұрын-соңды иммундалмаған топтар Pfizer вакцинасын алып жатыр.    

Осы 4 тәулік ішінде тек Алматы қаласында америкалық вакцинаны салғызғандар саны 1152 адамға жетті. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы хабарлады. Қазір олардың жағдайы жақсы. Ешқандай шағым жоқ. Ал ел премьер-министрі Асқар Мамин Pfizer екпесін салдыра алатындар тізімі ұлғаюы мүмкін екенін айтып отыр. Қазір бұл мәселе қаралып жатыр. Ал бүгін мегаполисте балаларды Pfizer екпесімен мектеп қабырғасында егу басталды. Бұған дейін вакциналау тек медициналық мекмелерде жүргізілген еді. Қазір білім ордалары егу жұмысына сақадай сай. Оқушылар тізімі жасалған. Жергілікті емханалар бала санына сәйкес вакцина мөлшерін шақтап жеткізіп жатыр.     

Ал қараша айының аяғында вируспен күресте алдыңғы шепте жүргендерді ревакциналау науқаны басталады. Бұл тізімге қариялар мен иммунитеті әлсіз адамдар ілігіп отыр. Ал халықты жаппай үшінші мәрте егу келесі жылға жоспарланған. Осы ретте дәрігерлер қант диабеті, созылмалы және гипертониялық аурулары бар науқастарға вакцинаның күшейткіш дозасын уақытынан кешіктірмей алуға кеңес берді. Себебі мегаполисте жұқпалы респираторлы вирус өршіп тұр. Өткен жылы бұл уақытта тұмау жұқтырғандар қатары 4 есеге төмен еді. Сондықтан тұмауға қарсы екпе салғызу да артықшылық етпейді екен.  

Оқи отырыңыз: Алматы мектептерінде оқушыларға Pfizer вакцинасы салына бастады

«Иммундық жүйенің өзіне ғана тән ерекше қасиеті бар. Антиденелер вируспен күрескен сайын, жасушаның есте сақтау қабілеті күшейе түседі. Яғни, адам коронавирусты немесе басқа да жұқпалы вирус жұқтырса, иммунитет оған қарсы тұруға тырысады. Сондықтан көпшілік екпенің үшінші дозасы ғана адам ағзасын вирустан толық қорғайтынын түсінуі керек», – деді С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жалпы иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова.

Ел бойынша вакциналау науқаны басталғалы 9 ай уақыт өтті. Осы ретте Қорғаныс министрлігі ақпан айында иммундалған әскерилердің барлығы ревакциналау науқанына дайын екенін хабарлап отыр. Енді Қарулы Күштер құрамындағы қызметкерлерге қараша айының соңында вакцинаның күшейткіш дозасы егілмек. 

«Ол үшін бір ғана доза вакцина қолданылатын болады. Қарулы Күштердің жеке құрамы ревакцинациялаудың маңыздылығын жақсы түсінеді. Өйткені, коронавирус инфекциясының жаңа штамдарына қарсы толыққанды дайын болу үшін ревакциналау өте маңызды», – деді ҚР ҚК Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы Әлібек Манабаев.

Қазір елімізде эпидахуал жақсарып келеді. Бұған дейін «сары» аймақта болған Алматы қаласы демалыс күндері «жасылға» өтті. Енді мегаполисте бір апта бойы коронавирустың таралуы бойынша жағдай бақылауда болады. Ковидтің өршуі болмаған жағдайда бірқатар шектеулер жеңілдетіледі. Мәселен «Ашық» қосымшасы арқылы жұмыс істейтін нысандардың қызмет уақыты тағы екі сағатқа ұзарады. Сондай-ақ қоғамдық орындарда меймандар санын арттыруға рұқсат етіледі.    

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы