Алматыда вакцина алғандар арасында өткен ұтыс ойынының жеңімпаздары анықталды

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жеңімпаздар кездейсоқ таңдалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Коронавирус вакцинасын сыйлық ұтып алу үшін салдырған жоқпын, бұл –  менің саналы таңдауым». Алматыда екпе алғандар арасында ойнатылған ұтыс ойынының жеңімпазы осындай ойда. Қаладағы ірі сауда үйінің бірінде өткен «Өзіңе және жақындарыңа қамқор бол» акциясы шеңберінде жүлдегерлер анықталып, қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен сертификаттар тапсырылды. Шаһарда вакциналау қалай жүріп жатыр?  Almaty.tv тілшісі жалғастырады.

Алмалы ауданына қарасты №8 қалалық емхананың мына біз тұрған сауда үйіндегі егу пунктіне жеңімпаздар келіп, өздеріне тиесілі сыйлықтарын алып кетіп жатыр. Бірінші кезекте бұл шара халықты екпе салдыруға ынталандыру мақсатында жасалып отыр дейді ұйымдастырушылар.

«Кәсіпкерлеріміз коронавирус екпесін салдырған алматылықтардың таңдауын осылайша қолдап, өз тауарлары мен қызметтеріне жеңілдіктер берді. Екпе салдырғандарды қолдау мақсатында бұл шараны қаламызда алғашқылардың бірі болып біздің сауда үйіміз өткізді», – деді сауда үйінің директоры Сергей Иванов.

Бас жүлдені иеленген Әуезов ауданының тұрғыны өзімнің және жақындарымның ауырғанын қаламаймын дей келе, қала тұрғындарын екпе алуға шақырды.

«Екпе алуға келіп, аяқасты осындай тамаша ойынның қатысушысы болдым.  Сөйтіп,  iPhone 12 Pro ұтыс алдым. Вакцина алғанна кейін өзімді жақсы сезінемін. Барлық қала тұрғынын екпе салдыруға шақырамын», – деді қала тұрғыны Дарья Сургутанова.

Жеңімпаздар кездейсоқ таңдалды. Ойнатылған жүлделердің ішінде бағалы ұялы телефондар,  бірнеше мейрамханалардан және кәдесыйлар орталығынан сертификаттар берілді.

«ЦУМ-ға келіп вакицна алдым. Кеше звандап, купон ұтып алдың деп айтты. Жастарды вакцина алуға шақырамын. Бұл өзіміздің, болашақ еліміздің денсаулығы үшін», – деді қала тұрғыны Марлен Тілеужанов.

Алматыда бір тәулік ішінде  1 993 адам екпе алыпты. Ал вакциналау науқаны басталғалы бері 306 мыңнан астам адам вакцина салғызған екен. Дәрігерлер өз кезегінде екпе салдыру қажет екенін ескертеді.

«Бүкіл әлемде болып жатқан пандемия ғой, сондықтан бұл індеттен шығудың жалғыз жолы вакцина болғандықтан, барлық елді вакцина алуға шақырамын», – деді №8 қалалық емхананың учаскелік дәрігері Марал Ошақбай.

Қазір мегаполисте 212 вакцинация пункті жұмыс істеп тұр. 308 вакцинация бригадасында 1 256 медицина қызметкерлері жұмылдырылды.

Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы  

Новости партнеров