Алматыда коронавирус екпесін алғандардың саны 318 мыңнан асты

09.06.2021 06:00

Бір ғана Әуезов ауданындағы сауда орталығында орналасқан егу пунктінде күніне 50 адам екпе салғызуға ниет білдіреді екен

Almaty.tv

Алматыда коронавирус екпесін алғандардың саны 318 мыңнан асты. Бір ғана Әуезов ауданындағы сауда орталығында орналасқан егу пунктінде күніне 50 адам екпе салғызуға ниет білдіреді екен. Дәрігерлердің айтуынша, олардың арасында осы уақытқа дейін асқыну белгілері байқалмаған. Ал, бүгін ғана екпе салғызған алматылықтармен Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы тілдесіп қайтқан еді.

Алматыда 211 вакцинациялау пункті демалыссыз жұмыс істейді. Олар қаланың орталығынан бастап шеткі аудандардағы мектептер, сауда орындары, мұражайлар, базарлар, тіпті мешіттерді қамтиды. Ал, шаһардың ірі сауда үйлерінің бірінде ашылған екпе егу пунктіне вакцинаның бірінші компонентін алуға 50 адам келсе, екіншісін салдыруға 70-80 адамға дейін келеді екен.

«Вакцинация салар алдында толық дәрігерлік қаралудан өткізіп, вакцинацияға жіберіп жатырмыз. Вакцинация алғанан кейін жағдайы жайлы үнемі байланыста хабар алып тұрамыз. Короновирус вакцинасын осы короновируспен ауырмау үшін солардың алдын алу үшін жүргізу үстіндеміз», – деді № 15 қалалық емxананың жалпы тәжірибелік дәрігері Әлия Бекенова.

Мұнда келгендер дәрігерлердің көрсеткен қызметіне риза. Қалаған вакцинасын салдырған алматылықтар ешқандай ауырсыну сезінбейміз дейді.

«Бүгін екінші вакцинаны алуға келдім, алдым, жағдайым жақсы.  Бірінші вацинаны алғанын өзінде де ауырмадым,  бәрі жақсы болды. Қуаныштымын осындай вакцинаның шыққанына. Туған-туыстарым, достарым вакцина алды. Бәрі вакцина алған дұрыс деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Айнаш Бақашқызы.

«Бүгін екпенің бірінші компонентін алдым. Вакцина бұрыннан бері қанша адамның өмірін құтқарған, тексерілген әдіс қой. Сондықтан жағдай жақсарып келе жатқанына қарамастан, бәріміз вакцина алуымыз керек», – деді қала тұрғыны Александр Щекин.

Айта кету керек, осы уақытқа дейін 318 мың 581 алматылық коронавирус екпесін алған. Олардың 30 мыңнан астамы алпыс жастан асқан кісілер.

Жанар Ғаниқызы, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы