Вакцина оразаны бұзбайды – Еркінбек Шоқай Алматы мұсылмандарын екпе алуға шақырды

18.04.2021 00:56

Бұл туралы «Фатава Хиндия» кітабында былай делінген: «Май сияқты заттың тері тесігі арқылы енуі оразаны бұзбайды» (1-том, 266-бет)

Алматы қаласының орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай Рамазан кезіндегі вакцинаның оразаны бұзбайтынын айтты және дінге сенушілерді коронавирустан сақтануға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Қалада имамдар кезекпен вакцина салдырып жатыр. Бізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының вакцина туралы пәтуасы бар. Онда екпенің бұлшық  етке енетін дәрі және оның қажет екендігі туралы айтылады. Сондықтан екпе оразаны бұзбайды», –  деп түсіндірді ол.

Алматыда түрлі діни бірлестіктердің өкілдері өздерін және жақындарын қауіпті індеттен сақтандырудың жалғыз жолы екпе алу екенін түсінеді.

«Екінші жыл қатарынан бүкіл әлем коронавирус пандемиясының салдарынан қатаң шектеулер режимінде өмір сүруде, одан Қазақстан да зардап шекті. Бүгінгі күні бұрынғы өмірге тез оралуға көмектесетін жалғыз құрал - вакцинация. Соңғы кездері бұл процедура дінге қайшы келеді деген көптеген аңыздар пайда болды, бірақ олай емес. Вакцинация ешқандай жолмен оразаны бұзбайды, өйткені сұйықтық (зат) қанға ас қорыту жүйесі арқылы енбейді. Вакцинация денсаулықты сақтауға және басқаларды қорғауға көмектеседі. Дін бұған қарсы келмейді», – деді Еркінбек Шоқай.

Еске сала кетсек, ҚМДБ мәліметтеріне сәйкес, ішке табиғи жолмен (ауыз, мұрын, тік ішек арқылы) енетін барлық нәрсе оразаны бұзады, ал егер зат ағзаға сыртқы қолдану арқылы енсе, онда ораза бұзылмайды. Бұл туралы «Фатава Хиндия» кітабында былай делінген: «Май сияқты заттың тері тесігі арқылы енуі оразаны бұзбайды» (1-том, 266-бет). Вакцина - бұл бактериялар мен вирустар сияқты микроорганизмдерден алынған және адам ағзасына жұқпалы аурулардың алдын алу және иммундық қасиеттерді арттыру үшін енгізілген препарат, бұл ағзаны энергиямен қамтамасыз ететін қажетті тамақ немесе витамин емес.

Осыған байланысты вакцина (тері астына, бұлшықет ішіне, көктамыр ішіне енгізілсе) оразаны бұзбайды.