Соңғы тәулікте 1,5 мыңдай алматылық ковидке шалдыққан
Алматыда коронавирустың симптомды түрімен ауыратын тұрғындардың саны артқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ковидтік науқастардың 94 пайызынан астамында індеттің белгілері бар. Онымен қоса инфекция жұқтыру көрсеткіші әзірге төмендемей тұр. Соңғы тәулікте 1,5 мыңдай алматылық ковидке шалдыққан. Ал, 6 мыңнан аса тұрғын стационарларда емделіп жатыр. Оның 162-сі балалар. Ушыға түскен эпидахуалды реттейтін жалғыз жол вакцина алу дейді эпидемиологтар.
Коронавирус жұқтырудың негізгі себептері туыстық және достық байланыстар болса, көп тарайтын орындары сауда нысандары мен қоғамдық көліктер екен. Сондай-ақ, індет жұқтырғанына қарамастан өзгелердің өміріне қауіп келтіріп, қоғамдық орындарға баратын алматылықтар да азаймай тұр. Соңғы екі аптада қызыл мәртебелі 156 адамға өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны үшін айыппұл салынды. Дәрігерлер вакцина алып, ұжымдық иммунитет қалыптастырмай босаңсуға болмайтынын айтуда.
«Қазіргі нарықтағы вакциналарымыз QazVac, Спутник-V және Sinopharm вакциналары 96-97 пайыз індет жұқтырудан қорғайды. Бірақ осы 4 пайыз да ауыруы мүмкін. Бірақ ол жеңіл түрде өтеді», – деді №18 қалалық емхананың дәрігері Аида Тұрдиева.
Қалалық мәслихат депутаттары да алматылықтарды коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптастыруға шақырады. Олар вакцина туралы тарап жатқан жалған ақпар мен қауесеттерге сенбеуге кеңес береді.
«Дәрігерлеріміз айтып жатыр ғой «вакцинаны алыңдар, осы ғана қорғайды» деп. Соған сенбейді. Ертең сол қатты ауырып жатқан кезде дәрігерге барады ғой бір қызығы. Сол дәрігерге барады. Сол кезде дәрігердің жанына отырады. «Білген болсам, сол кезде алар едім» деп айтады», – деді қалалық мәслихаттың депутаты Қуаныш Тұрабаев.
Қазір алматылықтарға барлық егу пунктінде Спутник-V және Vero Cell вакцинасы қолжетімді. Қытайлық препаратты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған. Әлемдік ұйымның мәліметінше, пандемияны тоқтату үшін келесі жылдың қыркүйегіне дейін әр елдегі 70 пайыз халық толық вакциналаудан өтуі керек.
«Қазіргі вакциналар COVID-ке қарсы өте тиімді препараттар. Олар клиникалық зерттеулерде вирусқа қарсы тұруда 80 және 90 пайыз аралығында тиімді екенін дәлелдеді. Бірақ бұл екпе алғандардың жүз пайызы аурудан қорғалған дегенді білдірмейді. Кез келген ауруды алсаңыз, одан жүз пайызға қорғайтын вакцина жоқ. Алайда екпенің екі құрамдас бөлігін алғандар арасында індет жұқтыру дерегі сирек кездеседі», – деді ДДCҰ иммундау, вакциналар және биологиялық препараттар департаментінің директоры Кэтрин О'брайен.
Республика бойынша вакцина салдыруда Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда өткен бір тәулікте 12 мыңға жуық адам екпе алған. Ал, жалпы 846 мыңдай тұрғын вакцинаның бірінші компонентін салдырды.
Сымбат Ноғай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы